Қатар, Германия, Қытай: Қазақстанға инвестиция салған елдердің көшін кім бастап тұр

Фото: Коллаж: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов кейінгі жылдары Қазақстанға инвестиция салып жатқан елдердің алғашқы көші қай мемлекеттер бастап тұрғанын айтты.

- Қазір Араб елдері белсенді кіріп жатыр. Мысалы, Қатар елі 18 млрд доллар инвестиция бағыттап отыр. Германия да жақсы кіріп жатыр. Қытай бар. Оңтүстік Корея үлкен автокөлік зауыттарын салып жатыр. Cондай-ақ, АҚШ, Ресей, Бельгия және Еуропаның басқа елдері бар, - деді ол Жоғарғы сот ұйымдастырған инвестициялық форум алдында.

Комитет басшысы шетелдік инвесторларға қызықты салаларды да атады.

- Бұл бірінші – пайдалы қазбалар саласы. Өйткені елімізде пайдалы қазбалардың үлкен қоры бар. Оның ішінде сирек металдар да. Екінші сала – логистика. Бұл бағытта Қазақстанның әлеуеті өте үлкен. Еуропа-Қытай бағытын ерекше атауға болады. Біз осы дәлізді дамытып жатырмыз. Осы желімен млн тоннадан астам жүк өткен. Одан кейін қайта өңдеу саласы қызықты. Өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, машина жасау саласында өсім бар. KIA-ның үлкен зауыты салынып жатыр. Skoda маркасының автомобильдерін құрастыратын зауыт Қостанайда салынып жатыр. Петропавл қаласында Claas компаниясы ауыл шаруашылығының үлкен техникасын шығаратын зауыт құрылып жатыр. Франциялық компания теміржол локомотивін шығарып, экспортқа шығара бастады. Одан кейін ауыл шаруашылығына, соның ішінде астықты терең өңдеуге қызығушылық көп, - деді СІМ өкілі.

Еске салсақ, өткен айда «Kazakh invest» ұлттық компаниясы» АҚ осы мәселе туралы арнайы материал жариялаған еді. Онда тікелей шетелдік инвестиция көлемі, елдегі инвестициялық саясатқа қатысты қалыптасқан жағдай мен оған әсер ететін факторлар туралы айтылған.