Қатар Омандағы АҚШ-Иран келіссөздерін құптайды

Фото: QNA

АСТАНА. KAZINFORM – Доха келіссөздер аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қызмет етеді деп үміттенеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

– Қатар мемлекеті Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы арасындағы Маскатта өткен келіссөздерді құптайды және осы тұрғыда екі тараптың мүдделеріне сай келетін жан-жақты келісімге әкелетініне сенім білдірді, - делінген Катар Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Қатар мемлекеті деэскалацияны қамтамасыз етуге бағытталған барлық күш-жігерді тұрақты түрде қолдайтынын мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрлігі дағдарысты шешу мақсатында келіссөздерді ұйымдастыруға және қолдау көрсетуге атсалысқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қатар Оман Сұлтанатының конструктивті диалогты дамыту арқылы шешімін табуды қажет ететін мәселелерді талқылауға ықпал еткенін мойындайды. Бұл жағдай аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін маңызды болып отыр.

Бұған дейін Иран мен АҚШ Омандағы келіссөзін аяқтағанын жазған едік.