Қатарда Мессиге арналған 27 метрлік мурал пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қатардың Әл-Уакра қаласында 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатында Аргентина құрамасының жеңісіне арналған алып мурал салынды. Онда тарихи финалдан кейін Лионель Мессиге марапат табыстау сәті бейнеленген, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Anadolu-ға сілтеме жасап.

Фото: Anadolu

Мурал «Аргентина орамы» аталып кеткен Барахат әл-Жануб ауданында орналасқан. Онда Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Аргентина құрамасының капитаны Лионель Мессиге әлем чемпионатының кубогын табыстау алдында дәстүрлі араб шапаны — бишт кигізген сәт бейнеленген.

Аргентиналық суретші Мартин Рон мен қатарлық суретші Мубарак әл-Маликтің бірлескен жұмысы 2024 жылы аяқталды. Муралдың ені — 27 метр, биіктігі — 11 метр, ал жалпы ауданы — шамамен 297 шаршы метр. Онда Месси мен Қатар әмірінен бөлек, FIFA президенті Джанни Инфантино мен әлем чемпионатының кубогы да бейнеленген.

Фото: Anadolu

«Лусаил стадионындағы сиқырлы түн» деп аталатын туынды Аргентина құрамасының спорттық жеңісін ғана емес, екі елдің мәдени жақындасуын да білдіреді.

2022 жылғы әлем чемпионаты кезінде Барахат әл-Жануб ауданы аргентиналық жанкүйерлердің негізгі тұрақтаған орындарының біріне айналды. Көк-ақ жалаулар мен футбол атрибутикасының көптігіне байланысты бұл ауданға «Аргентина орамы» деген атау берілді. Мурал жобасы Barwa құрылыс компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.

Еске салайық, 2022 жылғы 18 желтоқсанда Лусаил стадионында өткен әлем чемпионатының финалында Аргентина құрамасы Францияны пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңді. Негізгі және қосымша уақыт 3:3 есебімен аяқталған еді.

Аргентина құрамасы тарихында үшінші рет әлем чемпионы атанды. Ал Лионель Месси мансабында алғаш рет футболдан әлем чемпионатының бас жүлдесін иеленді. Турнир қорытындысы бойынша ол үздік ойыншыға берілетін «Алтын доп» сыйлығын да алды.

Қатар әмірі марапаттау рәсімінде Мессиге кигізген дәстүрлі араб шапаны — бишт елдің мәдени мұрасының бір бөлігі болып есептеледі. Оны әдетте ресми іс-шаралар мен салтанатты жиындарда киеді.

Бұл ұлттық мәдениет элементі 2027 жылы Дохада 27 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында өтетін баскетболдан әлем чемпионатының логотипіне де енгізілген.

Бұған дейін Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси 39 жасында ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді.

Кейінірек Месси Аргентина құрамасы сапында соңғы ойынын өткізді.

Сондай-ақ Лионель Мессидің Испанияның екінші дивизионында өнер көрсететін «Эльденсе» клубының иесі атанғаны белгілі болды. 1921 жылы құрылған клуб дәстүрлі көк-қызыл түстерін сақтап келеді. Жаңа иесі ауысқаннан кейін команда өз тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, дамуын жалғастыруды көздеп отыр.