Қатардағы қонақжайлық: Миллиардтаған сомаға келісімшарттар және аса құнды қылыш
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапары аяқталды. Екі күнге созылған сапарда екі ел басшылары не туралы келісті, қандай құжаттарға қол қойылды және Қазақстан мен Қатар ынтымақтастығының келешегі қандай? Толығырақ Kazinform шолушысының материалынан оқыңыз.
Қазақстан Президентін ерекше құрметпен қарсы алды
Қазақстан басшысын Доханың әуежайынан Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қарсы алды.
Президенттің мемлекеттік сапарының бағдарламасы ауқымды, шараларға толы және нәтижелі болғанын айту керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін беретін уақыт келгенін атап өтті.
- Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара іс-қимылды толыққанды стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізуді ұсынамын, – деді ол.
Ал шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни «Ынтымақтастық аясында біз энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз» деп атап өтті.
- Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қатар Мемлекетінің Әмірі.
Қатар - ең ірі 10 инвестордың қатарында
Президент Қатарды жақында еліміздегі ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Ол Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар, жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.
Бұдан бөлек екіжақты келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды.
Келесі жылы Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндері өтеді
Сонымен қатар, келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді.
Қандай құжаттарға қол қойылды?
Мемлекет басшыларының келіссөзінің нәтижесінде бірнеше екіжақты құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда:
- 1. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісім;
- 2. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім;
- 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім;
- 4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
- 5. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Отбасы және әлеуметтік даму министрлігі арасындағы Әлеуметтік қорғау және даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- 6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Спорт және жастар министрлігі арасындағы жастар саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған бірінші атқарушы бағдарлама;
- 7. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қатар мемлекетінің Әкімшілік бақылау және ашықтық басқармасы арасындағы Парасаттылық пен айқындылықты ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- 8. «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдер;
- 9. «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding арасындағы Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімдер.
Президентке Қатардың негізін қалаушының қылышы сыйланды
Президентке Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды.
Бұл қылыш – Қатардың ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар Мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды.
Бұл символ – Қатар Мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни (1827-1913) ұстаған қылыштың дәлме-дәл көшірмесі. Қыны алтынмен (18 карат) апталған, екі жағы әшекейленген. Жүзі бағалы, тот баспайтын болаттан құйылған, ал сабы түйе сүйегінен жасалып, агатпен және турмалинмен қапталған.
Бұл қылыш алғаш рет Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудқа табыс етілген (2016). Кейінірек қылыш Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарекке (2021) және Испания Королі VI Филиппке (2022) сыйға тартылды.
Қатар Премьерімен келіссөздер
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәліз» ретінде танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға зор үміт артып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ Шығанақ аймағының үлкен нарығына кең жол ашуға және жаңа транзиттік бағыттарды қарастыруға баса мән беретінін жеткізді. Мемлекет басшысы Қатар компанияларын Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Ал Қатардың үкімет басшысы екі ел бұрын-соңды болмаған байланысты күшейткеніне және әлі де әлеуеті зор екеніне айрықша тоқталды.
Сонымен қатар, келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, цифрландыру, энергетика салаларына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстелі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Ол екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қатар Үкіметі мен Қатар кәсіпкерлері қауымдастығына алғыс айтты.
Оның айтуынша, әлем бұрын-соңды болмаған сын-қатерге тап болған қазіргідей кезде саяси ерік-жігер мен экономикалық белсенділікті ұштастыру өте маңызды.
Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Инстаграмдағы парақшасында жазба қалдырды.
Қатарға алғашқы мемлекеттік сапардың қорытындыларын жоғары бағалаймын. Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен мазмұнды келіссөз нәтижелері бойынша қазақ-қатар қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін айрықша атап өткім келеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ерекше сипатын сапар аясында қол қойылған өте маңызды құжаттар дәлелдейді. Қатар Мемлекетімен өзара тиімді ықпалдастықты бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін арттыра береміз, - деп жазды Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, екі ел арасындағы маңызды салалар, оның ішінде инвестиция тарту жақсы қарқынмен дамып келеді. Мемлекеттердің тауар айналымы да әжептәуір ұлғайды. 2018 жылы 429 мың доллар болған тауар айналымы, былтырдың он бір айында 9,6 миллион долларға жетті. Мұны сарапшылар «тарихи максимум» деп атады. Бұған дейін Kazinform тілшісі елдеріміздің жан-жақты қарым-қатынасы және Президенттің сапарынан не күтетініміз туралы жазған.