Тарихи максимум: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға сапары

Тоқаевтың Қатарға сапарынан не күтеміз
Фото: midjourney, akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13-14 ақпан күндері Қатарға мемлекеттік сапармен барады. Екі ел арасындағы маңызды салалар, оның ішінде инвестиция тарту жақсы қарқынмен дамып келеді. Мемлекеттердің тауар айналымы да әжептәуір ұлғайды. 2018 жылы 429 мың доллар болған тауар айналымы, былтырдың он бір айында 9,6 миллион долларға жетті. Мұны сарапшылар «тарихи максимум» деп атады. Елдеріміздің жан-жақты қарым-қатынасы және Президенттің сапары туралы Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

«Сапар барысында Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен және Премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ Президент қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысады және осы елдің бизнес капитандарымен бірқатар кездесу өткізеді», - делінген Ақорданың баспасөз қызметі бүгін таратқан хабарламада.

Қысқаша Қатар жайлы... 

Ел Араб түбегінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі Қатар түбегінде орналасқан. Ол оңтүстігінде Сауд Арабиясы Корольдігімен шектеседі және қалған бөлігі Парсы шығанағы суларымен шайылып жатыр. 2,7 млн халқы бар, оның 350 мыңға жуығы - жергілікті қатарлықтар, қалғаны – еңбек эмигранттары.

Экономикасы жоғары, халқының әл-ауқаты жақсы, ең бай елдердің бірі. Швейцарияның халықаралық менеджмент дамыту институты өзінің Дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік индексінде Доханы 64 елдің ішінде 18-ші орынға қойды. Қатар үкіметтің тиімділігі бойынша 7-ші, бизнестің тиімділігі бойынша 14-ші орынға ие болды және инфрақұрылымдық рейтингін 38-ші орынға дейін жақсартты. Оның рейтингіне күшті экономикалық көрсеткіштер, жұмыссыздық деңгейінің төмендігі, мемлекеттік субсидиялар, киберқауіпсіздік, жоғары мемлекеттік тапшылық, жалпы негізгі капиталды қалыптастыру, халықаралық тәжірибе, кәсіпкерлік, үлкен деректер мен аналитиканы пайдалану әсер етеді.

Дүниежүзілік банктің болжамынша, Қатар экономикасы 2023 және 2024 жылдары Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің әріптестік кеңесі елдері арасында ең жылдам өсетін экономика болады. Нақты ЖІӨ 2023 жылы 4,5%-ға және 2024 жылы 4,4%-ға өседі деп күтілуде. ЖІӨ өсуі көмірсутегі экспортының ұлғаюымен және Доханың Солтүстік кен орнын кеңейту жоспарларымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әділ Кәукенов «Қатар - Таяу Шығыстағы ықпалды ел» деген пікір білдірді.

Қатар – Таяу Шығыстағы маңызды және бірегей мемлекет. Өзіндік ерекшелігі бар, сыртқы саясатында мақсатқа жете алатын және өздігінен әрекет ете алатын ел. Өзінің көршілес елдерімен қарым-қатынасы оңай болмаса да, бұл аймақ үшін Қатардың орны бөлек. Себебі Таяу Шығыста оның ықпалы зор, – деді Әділ Кәукенов.

Сауда-экономикалық байланыс және инвестициядағы ынтымақтастық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 2 ақпанда Қазақстан мен Қатар үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялайтын заңға қол қойды. Бұл елдер арасындағы инвестициялық байланыстың жандануына жол ашады. Сондай-ақ, Келісім экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандартты қағидалары, UNCTAD принциптері және Дүниежүзілік банктің ұсыныстары негізінде жасалған.

Бұл құжат екі мемлекет аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың халықаралық құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқығының кепілдігін қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрып отыр. Бұл ретте, инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жағдай жасалады, – деген еді сыртқы істер вице-министрі Назира Нұрбаева 2023 жылғы 6 желтоқсанда Мәжіліс отырысында. 

Парсы шығанағы елдері Қазақстанға ерекше қызығушылық танытып жатқанына статистика дәлел. 2022 жылы шығанақтан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны оның алдындағы жылмен салыстырғанда 26,8%-ға артып, 460,7 млн ​​долларға жетті.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, Қатардан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 75,9 млн долларға жетті. 2024 жылғы 1 қаңтардағы деректерге сүйенсек, ел аумағында Қатар капиталымен байланысы бар 3 заңды тұлға тіркелген, оның ішінде 2 заңды тұлға жұмыс істейді.

Екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетігі – Қазақстан-Қатар жоғары деңгейдегі бірлескен комиссиясы. Осы уақытқа дейін комиссияның алты отырысы өтті (Дохада – 2000 жылғы маусымда, 2015 жылғы қазанда және 2023 жылғы қазанда; Астанада – 2001 жылғы мамырда, 2009 жылғы қазанда, 2020 жылғы ақпанда).

Төмендегі инфографикадан екі елдің арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келе жатқанын көруге болады.

Қатар
Инфографика: Kazinform

Былтыр 3 қазанда Дохада екі елдің ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Оған 150-ден астам делегат қатысты. Ал, өткен жылы 8 маусымда Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің Қазақстанға жұмыс сапары аясында Астанада Қатардағы ең ірі 10 ірі компания басшылығының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Нәтижесінде тараптар жалпы сомасы 500 миллион доллардан асатын 5 құжатқа қол қойды.

2022 жылғы 13 қазанда Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Астанада Қазақстан-Қатар инвестициялық форумы өтті. Жоғары деңгейде өткен шараға екі елдің ірі бизнес өкілдері қатысты. Инвестициялық форум аясында жалпы сомасы 625 миллион доллардан асатын 13 екіжақты құжатқа қол қойылды.

Екі жыл бұрын Дохада екі жақтағы мемлекеттік органдардың, Қатар инвестициялық қорының «Qatar Investment Authority», «Power International Holding», Қатар кәсіпкерлерінің қауымдастығы, «Faisal Holding» басшыларымен бірқатар кездесу өтіп, бірлескен инвестициялық қор құру және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, медицина және туризм салаларында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру талқыланды.

2023 жылдың басынан бері өзара сауда көлемі 2,8 есе өскенін атап өту керек. Қазақстанның Катарға экспорты 59,3%-ға артып, 5,0 млн долларға жетті, оның 15,5%-ын Қатардағы ірі сауда желілерінде сатылатын қазақстандық ет және ет өнімдері құрайды.

Әскери-техникалық ынтымақтастық

Мемлекеттер әскери-техникалық салада да ынтымақтастық орнатты.

2022 жылғы 20-23 наурызда қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Марат Хұсайынов «DIMDEX-2022» 7-ші халықаралық әскери-техникалық көрмесіне қатысты.

Ал, былтыр 11-12 желтоқсанда Қатар премьерінің орынбасары, қорғаныс істері министрі Халед бен Мухаммад әл-Атияхтың шақыруымен ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Дохаға сапармен барды. Онда әскери ведомстволардың басшылары әскери ынтымақтастық және техникалық көмек саласындағы үкіметаралық келісімдерге қол қойды.

Қатар әскери ынтымақтастық
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшыларының кездесуі

Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 1 шілдесінде орнады. Содан бері екі елдің басшылары, премьерлері екі жаққа бірнеше рет сапар шекті.

Ал, 2019-2023 жылдар аралығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни 8 рет телефон арқылы сөйлесті және түрлі халықаралық шаралар аясында 5 рет кездесті. Соның ішінде 2022 жылғы 21-22 маусымда Мемлекет басшысы Әмірдің шақыруымен II Қатар экономикалық форумына қатысты. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тамим бен Хамад Әл Тәниге ілтипат білдірді және өзара сауда-саттық көрсеткіштерін арттырудың маңызын айтты. Сондай-ақ, Президент екі мемлекеттің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы ықпалдастықты жандандыруды ұсынды.

Біздің бірқатар инвестициялық жобаларымыз бар... Қазақстан компаниялары осы бағытта Қатар бизнесімен тығыз ықпалдастық орнатуға ниетті, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни Доханың Қазақстанмен көпжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Бүгінгі экономикалық форумға Қазақстанның қатысқаны – мен үшін үлкен мәртебе. Біздің өзара сенімге негізделген қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бірлескен жобаларды, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл еліміз үшін басым бағыт және жуық арада агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы топ жібереміз, – деді Қатар Әмірі.

Дохаға сапарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сөйтіп, 2022 жылдың 12-13 қазанында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтті. Осы сапардың нәтижесінде мемлекеттік және ведомствоаралық деңгейде 12 екіжақты құжатқа қол қойылды. Кеңейтілген құрамда келіссөз өтті.

Қатар
Фото: akorda.kz

Осы келіссөздер барысында Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толғанын арнайы атап өтті.

Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді Қасым Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек осы сапарда Әмірге Қазақстан Президентінің «Алтын Қыран» ордені табысталды.

Қатар әмірі
Фото: akorda.kz

Сондай-ақ, Қатар Әмірі 2023 жылы жұмыс сапарымен елімізге келді. Сөйтіп, ол осы уақытқа дейін Қазақстанға үш рет келіп-кетті. Енді 13-14 ақпан күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға мемлекеттік сапармен барады.

Мемлекет басшысының Қатарға сапарынан не күтеміз?

Екі ел көшбасшыларының соңғы 5 жылда жиі кездесуі тегін емес. Мемлекеттер өзара жақсы қарым-қатынас орнатқан және ешқандай халықаралық мәселелерде пікір қайшылық болған емес. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары, ал Қатардың инвестиция құюға әлеуеті зор. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екіжақты қатынасты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.

Қазақстан мен Қатардың арасында ешқандай келіспеушіліктер мен наразалықтар жоқ. Керісінше, өзара ынтымақтастығы жоғары, достығы жарасқан мемлекеттер. Жалпы әлемнің басқа елдері, оның ішінде көршілес елдердің Қазақстанға деген қарым-қатынасы жақсы. Сондықтан бұл артықшылық Қатармен инвестициялық, тауар айналымында ынтымақтастықты нығайту және күшейтуге мүмкіндік беріп отыр... Қазақстанға Қатардың инвестициясы маңызды және Қатар үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық жағдайы тартымды, – деп пікір білдірді сарапшы Әділ Кәукенов.

Одан қалды, сарапшының айтуынша, Доха – тек аймақтағы емес, әлемдегі авиациялық хаб. Сондықтан Қазақстан бұл практиканы өзіне де енгізе алады.

Әділ Кәукенов қатарлықтардың еліміздің жол құрылысы, мұнай өңдеу, химиялық өңдеу және басқа бірнеше бағытына қызығушылығы жоғары екенін де атап өтті.

Қорыта айтсақ, аймақтық ынтымақтастықты ескерсек, онда Қазақстан мен Қатар Орталық Азия және араб елдері арасындағы көпір бола алады және Президенттің бұл сапары сол көпірдің беріктігін қамтамасыз етеді деп күтеміз.

Соңғы жаңалықтар