Қалың қар мен аяз түз тағыларының тіршілігін едәуір қиындатқан. Осыған байланысты парк қызметкерлері оларды қосымша қоректендіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Орманшылар өздеріне бекітілген аумақтарды күн сайын патрульдейді. Қиын өткелдерден өтіп, кей жерлерде белуардан қар кешуге тура келеді. Сондықтан мамандар көбіне атпен жүреді.
Аумақты аралау кезінде мамандар тек табиғи ортаның жай-күйін бақылап қана қоймай, биотехникалық шаралар да жүргізеді. Олар жем салатын орындарды шөппен, бұтақ азығымен және тұзбен толықтырып отырады. Бұл табиғи қорек көздері қалың қардың астында қалып, жануарларға қолжетімсіз болған кезде олардың тіршілігін сақтауға көмектеседі.
— Қосымша қоректендіру әсіресе қыстың соңы мен көктемнің басында аса маңызды. Осы уақытта жануарларға азық табу қиындайды, өйткені қар әлі қалың жатады, ал шөп пен бұталарға жете алмайды, — дейді ұлттық парк қызметкерлері.
Жұмыс парк аумағының әр бөлігінде, соның ішінде Аршаты орманшылығында да жүргізіліп жатыр. Мұнда жануарларды қоректендіру жұмыстары инспекторлардың тұрақты бақылауында.
Жем салатын орындардың маңына орнатылған фототұзақтар ол жерге еліктер мен жабайы қабандардың жиі келетінін көрсетіп отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Катонқарағай ауданында 4 ілбіс фототұзаққа түсіп қалғаны хабарланған.