«Мен 4-қабатта тұрамын. Жер асты дүмпулері басталғанда, мен үш баламен үйде болдым. Біз бірден үстелдің астына тығылдық. Жер қатты сілкінді, қорқып кеттік. Осыдан кейін бірден киініп, сыртқа шықтық. Бірақ, біраз жиналдық, өйткені дайын емес едік. Күйеуім үйде болмағандықтан қиын болды. Бүгін бәріне дайын болу керектігін түсіндім. Қазір эвакуация пунктіне келдік, не істейтінімізді шешкенше осында боламыз», - дейді Ақмарал есімді қала тұрғыны.
16-қабатта тұратын тағы бір алматылық жер сілкінісі тоқтағанан кейін балаларымен бірден пәтерден шығып кеткенін айтты.
N 174 мектепте орналасқан эвакуация пунктінде балалар мен оқушыларды кездестіруге болады.
«Біз оны алғашында түсінбей қалдық. Көбі жер сілкінісін кейін түсінді. Бәрі қорқып кетті. Үзіліс уақыты болатын. Барлығымыз дереу далаға шықтық», - дейді Айзере есімді оқушы.
Жекеменшік мектептердің бірінің мұғалімі қатты жер сілкінісін сезбегенін, бірақ алгоритм бойынша барлығы ғимараттан шығып кеткенін жеткізді.
«Көшеге шықсақ, адамдар мен көліктер қаптап кетіпті. Сосын 5 балдық жер сілкінісі болғанын және тағы қайталанатыны туралы естідік. Бойымызда әлі де қорқыныш бар. Ешкім жер сілкінісіне дайын емес, бәрі ойламаған жерден болады», - деді ол.
Тағы бір алматылық баласымен үйде отырғанын айтты.
«Біз 4-қабатта тұрамыз. Бұл жолғы жер сілкінісі қаңтардағымен салыстырғанда қатты сезілді. Бірден далаға шықтық. Біз әсіресе балалар үшін қатты алаңдаймыз», - дейді ол.
Ол жер сілкінісі болған сәтте кішкентай ұлының аяқ-қолы дірілдегенін жеткізді.