«Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы: Ақтауда оқу-жаттығу өтті

АСТАНА. KAZINFORM - Ақтауда «Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы аясында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен өткен өрт-тактикалық оқу-жаттығуы аяқталды. 

Фото: Ақтау қалалық әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, кешенді іс-шара аясында 6 арнайы техника және 16 қызметкер жұмылдырылды. Төтеншеліктер кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі бойынша сауда орталықтарын күтіп ұстау ережелерін түсіндіріп, оқу-жаттығу барысында арнайы жадынамалар таратты.

Фото: Ақтау қалалық әкімдігі

«Акция сауда орталықтарындағы өрттің алдын алу және пайда болуы қаупін азайтуға бағытталған. Өрт-тактикалық оқу-жаттығу қаладағы барлық сауда орталықтарында ұйымдастырылады. Республикалық «Қауіпсіз сауда» акциясы 22 ақпанға дейін жалғасады», - деді Ақтау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Мақсат Шапхатов.

Бұған дейін Маңғыстауда сейсмикалық жағдайға қатысты жаттығу шарасы өтетіні хабарланған болатын

Сондай-ақ, екі апта уақыт бұрын Ақтауда «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылып, оған 250 жеке құрам және 78 техника жұмылдырылған еді.