Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда коммуналдық қалдықтар құрғақ, ылғал, қауіпті деген үш санатқа бөлініп, бөлек-бөлек жиналады. Қауіпті санатқа электрондық және электр жабдықтары, медициналық қалдықтар, құрамында сынап бар қоқыстар кіреді. Батареялар мен аккумулятор осы қатарда.
Ведомство түсіндіргендей, қауіпті қалдықтар қалпына келтіру үшін арнайы ұйымдарға тапсырылуы тиіс. Оларды өңдеу тәсілі, технологиясы ұйымның өзіне жүктелген. Кейін толық мәлімет мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтетін жобалық құжатта көрсетіледі екен.
Бүгінде Қазақстанда электрондық қалдықтарды жинау және өңдеумен айналысатын 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның жетеуі Алматыда, бесеуі Астанада, екеуі Ақтөбеде орналасқан. Көкшетау, Петропавл, Қарағанды, Қызылорда және Ақтауда бір-бір кәсіпорыннан бар.
Литий-ионды батареяларды өңдеуге келсек, бұл бағыттағы жұмыс нарық талабына сай жүргізіліп келеді. Үкімет батереяларды ішкі талаппен де, халықаралық ережемен де өңдеуге мүдделі. Мысалы, 2022 жылы Еуразиялық экономикалық одақ №689 бұйрықты бекітті. Онда одақтың сыртқы экономикалық қызметі Бірыңғай тауар номенклатурасына 8507 60 000 0 коды бар батареяларды енгізген. Өндірушілер мен импорттаушылардың тауар тізбесінің 3-бөліміне де қосылды.
Министрліктің хабарлауынша, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) тетігі аясында өндіруші мен импорттаушыдан кәдеге жарату төлемі алынады. Бұл қаржы қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, қайта пайдалануға, сұрыптауға, өңдеуге, қайта өңдеуге, залалсыздандыруға және көмуге жұмсалады.
Алайда литий-ионды батареяларды қайта өңдеуді ғана қаржыландыратын жеке бюджеттік бағдарлама жоқ. Министрлік қалдықтардың бұл түріне арналған қаражат көлемі алдын ала жеке белгіленбейді деп түсіндірді. ӨКМ операторы арнайы санаттағы қалдыққа белгіленген шекте ғана төлем жасайды.
Бұдан бөлек, EcoQolday ақпараттық жүйесі қолданыста, операторы – «Жасыл даму» АҚ. Ведомствоның мәліметінше, жүйеде аккумуляторлық батареялар автомобиль компоненті ретінде есепке алынады. Төлем мөлшері Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1250 қаулысымен бекітілген.
Инфрақұрылым VS батарея
Ендеше, елде батареяларды өңдеуге жәрдемдесетін екі бағыт бар. Kazinform тілшісі мәселенің іс жүзінде қалай шешіліп жатқанын анықтау үшін Technic Destroy ЖШС директоры Рустамжан Юнусбаевпен әңгімелесті. Маман 2009 жылдан бері батареяларды қайта өңдеумен айналысып келеді. Қазір 18 қалада кәсіпорынның желісі қалыптасқан. Мұнда айына 180 тонна аккумуляторды өңдеуге болады.
– Қазақстан литий-ионды батареяларды қайта өңдеуге ішінара дайын. Қазірдің өзінде мұндай аккумуляторларды қауіпсіз күйде қабылдайтын, қуатын толық тауысу арқылы разрядтап, бөлшектеп, қайта өңдей алатын кәсіпорындар бар.
Алайда дайындық тек жабдықпен шектелмейді. Батареяны елге әкелген сәттен бастап қайта өңдеуге дейінгі барлық процесті қадағалайтын бірыңғай жүйе қажет. Ол жинау, тасымалдау, диагностика жүргізу, батареяның қозғалысын бақылау кезеңін біріктіруі тиіс. Өнеркәсіптік база біртіндеп қалыптасып келеді. Бірақ батареялар жаппай қолданыстан шыға бастағанға дейін осындай жүйені құрып үлгереміз бе, мәселе сонда жатыр, – дейді Рустамжан Юнусбаев.
Қайта өңдеу барысында аккумулятордан мыс, алюминий, болат және басқа да құрамдас бөліктер ажыратылады. Сонымен қатар «қара масса» деп аталатын концентрат алынады. Оның ішінде батареяның химиялық құрамына қарай литий, никель, кобальт, марганец секілді компонент болуы мүмкін.
Рустамжан Юнусбаев ұсынған бірыңғай жүйені қалыптастыру үшін қалдық пен кәсіпорын жеткіліксіз. Халық миллондаған батареяны өз еркімен өткізбесе, қоқыстан іздеу тиіміз әрі өнімділік азаяды.
Жеке тұлғалар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің шамамен 70%-ы батареяны қайта өңдеуге тапсыруға дайын. Бірақ қолжетімді инфрақұрылымның жоқтығынан олар мұны іс жүзінде жүзеге асыра алмай отыр. Сондықтан қабылдау пункттерін көбейту маңызды.
Юнусбаевтың айтуынша, соңғы екі-үш жылда бизнесте литий-ионды батареяларды қайта өңдеуге тапсырғысы келетіндер айтарлықтай өскен. Олардың қатарында дистрибьюторлар, автосервистер, қойма, телекоммуникациялық техника және үздіксіз қуат көзін пайдаланатын компаниялар бар.
Негізі қарапайым халықтың сұранысы жоғары. Көбі телефонның ісініп кеткен аккумуляторын қайда тапсыруға болатынын, үйден алып кету қызметін сұрайды екен. Құлаққап, электрлі ұстара секілді күнделікті тұрмыста қолданылатын техника артқан сайын, сұраныс жиілепті.
Сарапшылар қалдықтарды басқару жүйесін реттеу керек деген ұстанымда. Әсіресе литий-ионды батареяларды өндіруші мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемесін қалдықтық түріне қарай бейімдеу қажет.
– Телефонның аккумуляторына, өнеркәсіптік энергия жинақтау жүйесіне және электромобильдің батареясына бірдей талап қоюға болмайды. Олардың қауіп-қатері, тасымалдау құны, бөлшектеу технологиясы, химиялық құрамы әртүрлі. Қуаттағыш және өнеркәсіптік батареялар үшін жеке-жеке талап орынды. Ал телефондар мен қарапайым аккумуляторларға басқа тәсіл қолдануға болады, – деп есептейді Рустамжан Юнусбаев.
Оның пікірінше, әр батареяның қозғалысын жеке есепке алған жөн. Батареяның қай жерде өндірілгенін немесе импортталғанын, қайда пайдаланылғанын, қазіргі жағдайын және ақыр соңында қайта өңдеуге қалай жеткізілгенін білуіміз қажет.
Бұл ретте заңнамаға қатысты мәселе бар. Рустамжан Юнусбаевтың сөзінше, қолданыстағы қалдықтар жіктемесінде литий-ионды батареяларға арналған жеке санат жоқ. Қорғасын-қышқылды аккумуляторлар бөлек жіктелгенімен, басқа батареялар қауіпті қалдықтар ретінде нақты бөлінбеген. Сонымен қатар экологиялық нормаларда батареялар өрт қаупін төндіретін және қауіпті нысандар ретінде ғана қарастырылады.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі, депутат, қалдықтарды басқару саласының сарапшысы Аслан Құлмағамбетов литий-ионды қалдықтарды реттеуді тездету керек деді.
– Қазақстанда литий-ионды қалдықтарды басқару саласын реттейтін арнайы заңнама жоқ. Соның салдарынан кәдеге жарату нарығы қалдықтарды жинау, таңбалаудың нақты ережесі белгіленбеген «сұр аймақта» қалған. Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ елдеріне қарасақ, ол жақта қатаң талаптар қолданылады. Бұл мемлекеттерде батареяға міндетті цифрлық паспорт беріліп, автокөлік өндірушісіне оларды қайта өңдеуге қатысты тікелей қаржылық және заңдық жауапкершілік жүктелген.
Қазақстанға да осындай халықаралық стандарт, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесін енгізу аса қажет. Нақты заңнамалық талап пен қайта өңдеушілерге арналған субсидия болмаса, қауіпті аккумуляторларды арнайы зауытқа бағыттай алмаймыз. Сөйтіп, ел аумағында улы заттарға толы ретсіз қоқыс орындары пайда болады, – деді депутат.
Аслан Құлмағамбетов мәселені электр техникасы мен электромобиль нарығының өсуімен байланыстырды.
– Әлемде де, Қазақстанда да электр техникасы мен электромобильнарығы қарқынды дамып келеді. Автожолдарда электромобильдер мен электрсамокаттар, ал күнделікті тұрмыста заманауи гаджеттердің саны тез өсіп жатыр. Технологиялық серпілістің екінші жағы бар. Құрамында улы заттары бар литий-ионды аккумулятордың қауіпті қалдығы көп, – деп түсіндірді сарапшы.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда мұндай қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымын қалыптастыру үшін алғашқы қадам жасалған.
– Алматыда First Recycling компаниясының арнайы зауыты іске қосылды. Ол айына 20 тоннадан астам литий-ионды батареяны қайта өңдеуге қауқарлы. Қазақстан заңнамасында қалдықтарды реттеуге қатысты жалпы норма бар, бірақ олар қорғасын-қышқылды автомобиль аккумуляторлары секілді бұрыннан қолданылып келе жатқан технологияларға бейімделген. Ал гаджеттер мен электромобильдердегі литий-ионды батареяларды басқаруға арналған егжей-тегжейлі реттеу жүйесі әлі қалыптаспады, – дейді қалдықтарды басқару саласының сарапшысы Аслан Құлмағамбетов.
Экономикалық тұрғыда Қазақстанда литий-ионды батареяларды қайта өңдеу тиімді. Ол үшін шикізат көлемі, батареялардың химиялық құрамы, жабдықтар құны, өңдеу деңгейі және өткізу нарығы шешуші рөл атқарады.
Сондықтан Аслан Құлмағамбетов литий-ионды батареяларға механикалық өңдеу тәсілін қолдануды ұсынды. Бұл әдіс арқылы мыс, алюминий, болат, полимерлер, электрондық компоненттер, тіпті «қара масса» алуға болады. Айтуынша, әзірге тиімді тәсіл осы екен, өйткені химиялық өңдеу үшін мол шикізат, қомақты инвестиция, зертханалық бақылау, дайын өнімді қабылдайтын ауқымды нарық қажет.
Жалпы аккумулятордың химиялық құрамы назар аударуға тұрарлық. Қазір аккумуляторлар көбіне NMC және LFP болып бөлінеді. NMC батареяларын гидрометаллургиялық әдіспен өңдеу кезінде литий, никель, кобальт, марганец алуға болады. Ал LFP батареяларынан темір мен фосфаты бар компоненттер өндіруге мүмкіндік бар. Графитті тазарту да болашағы зор бағыттың бірі саналады.
Осы жағдайды ескере отырып, Technic Destroy ЖШС директоры Рустамжан Юнусбаев жаңа шешім айтты. Оның болжамынша, Қазақстаннан ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерінен де шикізат қабылдай алатын ірі қайта өңдеу орталығын құру керек. Сонда жеткілікті шикізат жиналады, экономикалық тұрғыдан тиімді.
Маманның айтуынша, қазір First Recycling компаниясы – Қазақстан мен Орталық Азияда литий-ионды батареяларды ауқымды форматта қайта өңдей алатын жалғыз кәсіпорын. Себебі жақында жаңартылатын энергетика жөніндегі көрмеде Орталық Азия елдерінің өкілдері өз мемлекеттерінде мұндай инфрақұрылым жоқ екенін растаған.
Бір жылда электромобильдер саны 55% өсті
Енді мәселенің ең күрделі тұсына келдік. Ол – электромобильдерге қуат беретін батареялар. Мұндай батареялармен жұмыс істеу әлдеқайда күрделі. Оның құрамында корпус, модульдер, ұяшықтар, электрондық және салқындату жүйесі бар. Тіпті істен шыққаннан кейін де қауіпті кернеу сақталуы мүмкін. Оның үстіне әр өндірушінің батарея құрылымы әртүрлі. Сондықтан бөлшектемес бұрын диагностика жүргізіп, қалдық электр зарядын түсіру қажет.
– Зақымдалған батареяларға ерекше талап қойылады. Жол-көлік оқиғасынан кейін бүлінген аккумуляторды кәдімгі жүк ретінде тасымалдауға болмайды. Себебі сақтау, тасымалдау кезінде ол өртенуі мүмкін. Мұндай шикізатпен жұмыс істейтін кәсіпорындарда желдету және шаң-тозаңды сору құрылғысы, қызметкерді қорғау құралы, қауіпті аймақты бақылау жүйесі болуы шарт, – деп толықтырды Рустамжан Юнусбаев.
Өнеркәсіптік инфрақұрылым енді қалыптасып жатқан тұста электромобильдер саны артып келеді. «Almaty Air Initiative» жеке қорының бас директоры Жұлдыз Сәулебекова келтірген деректерге сәйкес, соңғы бір жылда Қазақстандағы электромобильдер саны 55% өскен. Оның үштен екісіне жуығы Алматыда тіркелген. Қазір қалада 16 мыңнан астам жеңіл электромобиль бар.
Олардың басым бөлігінде аккумулятордың жұмыс істеу мерзімі біткен жоқ. Яғни, істен шыққан автокөлік батареялары көбеймей тұрып жүйені қалыптастыруға уақыт жеткілікті.
– Литий-ионды батареялар кәдімгі тұрмыстық қоқысқа кетпеуі керек. Пайдаланылған аккумулятордың өзінде электр заряды сақталады. Қоқыс таситын көлікте немесе сұрыптау желісінде зақымданса, ол тез қызып, өрт тұтануы ықтимал. Батарея жанған кезде улы заттар, соның ішінде фторсутек бөлінеді, – дейді спикер.
Бұл жалғыз қауіп емес. Батарея құрамындағы қауіпті химиялық элементтер ұзақ уақыт бойы жерде жатса, олар топырақ пен суға сіңеді. Ұзақ сақталған батареядағы литий, никель, кобальт, мыс, графит секілді құнды материалдар жоғалатыны тағы бар. Сол себепті пайдаланылған батареяға жай қалдық деп қарауға болмайды. Ол бір мезгілде экологиялық қауіп те, құнды ресурс та бола алады.
Жұлдыз Сәулебекова батареяны өндіру кезіндегі экологиялық зиян мен оны кәдеге жаратпау салдарынан туындаған қауіпті салыстыру дұрыс емес деген ойда. Өйткені аталған процестің қоршаған ортаға әсері әртүрлі.
– Батарея өндірісі кезіндегі зиян белгілі: шикізат, энергия мен суды шамадан тыс пайдалану, литий мен никельді өңдеу жағдайын айтуға болады. Ал ескі батареялар жылу бөледі, өрт тұтанады, улы газ бен ұсақ дисперсті таратуы мүмкін, – деп қосты маман.
Қайта өңдеудің бірнеше тәсілі бар
Батареяларды ауқымды қайта өңдеу кезінде негізгі үш әдіс қолданылады: пирометаллургия, гидрометаллургия және тікелей қайта өңдеу.
Пирометаллургия – технологиялық тұрғыдан жақсы игерілген әдіс. Алайда оны қолдану үшін едәуір энергия қажет. Гидрометаллургия химиялық процестерге негізделген және литий, никель, кобальт пен марганецті бөліп алуға мүмкіндік береді.
Ал тікелей қайта өңдеу кезінде аккумуляторды толығымен ашпай, оның құнды компоненттерін, ең алдымен катод қалпына келтіріледі. Бұл тәсіл энергия мен химиялық реагенттер шығынын азайтады, дегенмен батареяларды мұқият сұрыптау қажет әрі әзірге өнеркәсіптік ауқымда кең таралмаған.
Экономикалық тиімділік тұрғысынан батареяның химиялық құрамын айтпасқа болмас. Жұлдыз Сәулебекованың болжамынша, NMC түріндегі аккумуляторларда никель мен кобальт көбірек. Сондықтан оларды қайта өңдеу кезінде алынатын материалдардың құны жоғары, мұндай аккумуляторларды өңдеу экономикалық жағынан тартымды. Ал LFP батареяларының құрамында никель мен кобальт жоқ, сол себепті оларды қайта өңдеудің экономикалық моделі өзгеше. 2024 жылы LFP батареялары электромобильдерге арналған аккумуляторлардың әлемдік нарығының жартысына жуығын құраған.
Батареяның жарамдылық мерзімін қалай анықтауға болады?
Автомобильдің жарамсыз аккумуляторын бірден қайта өңдеуге жіберу міндетті емес. Оның сыйымдылығы жеткілікті болса, қауіпсіз екені анықталса, батареяны екінші рет пайдалануға болады. Мысалы, ондай батареяны стационарлық энергия сақтау жүйесінде қолданған дұрыс.
– Жұмыс реті мынадай болуы керек: алдымен батареяның жарамдылық мерзімін ұзарту, одан кейін қауіпсіз түрде қайта пайдалану, содан соң ғана қайта өңдеу. Аккумулятордың техникалық жай-күйін бағалаудың ережесін әзірлеп, екінші рет пайдалануға берілетін батареялардың қауіпсіздігіне қойылатын талапты айқындайтын уақыт келді, – деп түсіндірді Жұлдыз Сәулебекова.
Сарапшы ірі аккумуляторлардың бүкіл жұмыс циклін қадағалауды қолдайды. Яғни батареяның нарыққа қашан түскенін, қай жерде пайдаланылғанын, қазіргі жағдайын және қайта қолданылғанын не қайта өңдеуге жіберілгенін анықтау мүмкіндігі болуы шарт.
Экология министрлігі ескі электромобильдер мен олардың компоненттерінен шыққан қалдықты реттеу жүйесін жетілдіру қажет дегенге қосылады. Ведомствоның хабарлауынша, электромобильдер санының өсуіне байланысты қуат беретін батареяларды есепке алу, жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жүйесін әзірлеу қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта батареялардың қозғалысын қадағалау, арнайы жинау пункттерін ашу және қайта өңдеу инфрақұрылымын қолдау қолға алынбақ.
Инфрақұрылымды дамытуға арналған қолдау қазірдің өзінде бар. Экология министрлігінің мәліметінше, Үкіметтің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысына сәйкес қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру көзделген. Атап айтқанда, қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау жабдықтарын және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын қаржыландыруға болады.
Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы берілетін қарыздың мөлшерлемесі – 3%, мерзімі – 3 жылдан 15 жылға дейін. Қазір екі жоба назарда.
Біріншісі, Павлодар облысындағы «Tandem recycling» ЖШС жылына 20 мың тонна батареяны қайта өңдеуге арналған жоба дайындап жатыр. Жуырда жоба құжаттары Өнеркәсіпті дамыту қорына сараптамадан өткізуге жіберіледі.
Екіншісі, Астанадағы «CUPSS» ЖШС есептен шығарылған электрондық құрылғы қалдықтарын қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорынның қуаты – жылына мың тонна. Жоба мақұлданған, қазір қаржыландыруға қажетті келісімшарт бітуге таяу.
Бұдан бөлек, Үкіметтің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1201 қаулысымен бекітілген Қазақстандағы қалдықтардың барлық түрін басқарудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама аясында министрлік қалдықтарды басқару саласындағы заңнаманы талдауды жоспарлап отыр. Бұл жұмыс пайдаланылған литий-ионды батареялар мен аккумуляторларға қатысты нормаларды қамтиды.
Талдау қорытындысы бойынша реттеу жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленбек. Оның ішінде электр және электрондық жабдықтардың қалдықтарын басқару қағидасы енгізілетін күн жақын.
Халықаралық ынтымақтастық қолға алынады
Биыл маусымда «Қазақстандағы электроника өмірлік циклінің айналымдылығы мен ресурстық тиімділігін арттыруға жәрдемдесу» жобасы басталды. Бастаманы Жаһандық экологиялық қор, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы және ЮНИДО-ның Жаһандық электроника бағдарламасы қолдаған.
Жоба электроника саласындағы айналым экономикасын дамытуға, электрондық қалдықтар мәселесін шешуге бағытталған. Ол үшін реттеу жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, тұтынушылардың мінез-құлқын өзгерту қолға алынады.
Нарықтағы электромобильдердің батареялары әлі ескірмеді, алайда 1-2 жылда литий-ионды батареялар таудай үйілетіні анық. Оған дейін қажетті жүйені алдын ала қалыптастыруға мүмкіндік бар. Батареяларды есепке алу, жинақтау, техникалық диагностика мәселесін дер кезінде шешуіміз керек. Қайта пайдалану мен терең өңдеуге дейінгі барлық кезеңді жүйелеуді қажет етіп тұр.
Айта кетейік, 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Алматыда 16,6 мың электромобиль тіркелген. Бұл – Қазақстандағы электромобильдердің жалпы санының 63,3%-ы.
Бұған дейін ШҚО-дағы литий кенін игеру жобасы туралы жаздық.