Қай өңірде халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, сол өңірдің басшыларының жұмысына жақсы баға берілуі керек - Қуаныш Айтаханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы реформаларының алғашқысы әрі аса маңыздысы - кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Биылғы өткен Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлауда Н.Ә.Назарбаевтың айқын басымдықпен жеңіске жетуі Қазақстан халқының Н.Ә.Назарбаевқа деген зор сүйіспеншілігінің, шексіз ризашылығы мен сенімінің жарқын көрінісі болды. Және де мұны елдегі тұрақтылық пен бірліктің нығая түсуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуына, көпұлтты Қазақстанның алға қарай қарқынды дамуына бағытталған Елбасымыздың данагөй, салиқалы саясаты мен жасампаз еңбегін толық қолдаудың айғағы деп білемін. Бұл аса зор тарихи оқиға әрбір отандасымыздың санасында салтанатты күн болып қалды.

Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміз тарих үшін көзді ашып-жұмғандай қысқа мерзімде үлкен жеңістерге жетіп, әлемнің алпауыт елдері Қазақстанды мықты мемлекет ретінде мойындады. Бұл - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатының нәтижесі, елге, ұлтқа, Отанға адал қызмет етудің жарқын көрінісі. Бүгінде Н.Ә.Назарбаев өз елін, жаңа биіктерге жүйелі түрде бастап келеді. Қуатты мемлекеттің басты ерекшелігі - өз дамуының әрбір кезекті кезеңінде айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын белгілеп, бағдарлама жасап, бүкіл халықты сол мақсатты орындауға жұмылдыру.

Жалпы, соңғы уақытта әлем елдері күрделі кезеңдерді бастан өткеруде. Әлемдік нарықтағы шикізат ресурстарына бағалардың төмендеуі, геосаяси және халықаралық қатынастардың шиеленісуі әлем экономикасының дағдарыстан шығуына кері әсерін тигізуде. Осындай қиын кезеңдерде біз еліміздің алға дамуының қарқынын сақтап, әлеуметтік-экономикалық бағытта жаңа серпілістер жасауымыз керек. Әлемдегі сын-қатерлерді талдап, алысты болжап, келешекте атқарылар істерді бүгінгі орын алып отырған жағдайлармен шебер ұштастыра білетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаттарын шешу үшін ұсынған Бес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамын айқындап берді.

«100 нақты қадам» - бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямыздың құрамдас бөлігі, мемлекетіміздің әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі нақты бағдарламасы, ел тәуелсіздігін нығайтудың нақты жолдары. Біз 100 нақты қадамның әрбір қадамын Елбасының елімізді алға дамытудағы нақты тапсырмалары деп қабылдауымыз керек. Бес бағыттағы реформаны жүзеге асыру үшін Президент жанынан бес жұмыс тобынан тұратын Ұлттық комиссия құрылды. Комиссия құрамына мемлекеттік орган, бизнес саласы мен азаматтық қоғамның қызметін кәсіби деңгейде үйлестіруде қабілеті жоғары тәжірибелі басшылар кірді. Ұлттық комиссия еліміздің алға дамуының жолдарын жан-жақты, терең зерттеп шешімдер қабылдап, бес бағыт бойынша іс-қимылдарды нақты айқындайды. Ол ұсыныстар Президент тарапынан мақұлданғаннан кейін Парламентке енгізіледі. Парламент заңдар қабылдайды. Үкімет тарапынан заңдарды орындауға байланысты тиісті қаулылар қабылданатын болады. Сонымен қатар, орталық атқарушы органдар және өңір басшыларының бастамалары, ұсыныстары, жұмыстары Ұлттық комиссия тарапынан қатаң бақылауға алынады. Ұлттық комиссия жанынан отандық және шетелдік сарапшылардан құралған халықаралық консультативтік кеңес тиісті ұсыныстар әзірлеп, реформалардың орындалуын тәуелсіз жүйелі қадағалауды жүзеге асыратын болады, делінген egemen.kz сайтында жарық көрген «Бәрін шешетін - кадр» атты мақалада.

Елбасының бес реформасының алғашқысы және маңыздысы - экономикалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын және мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін 15 нақты қадамнан тұратын заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстарға Елбасы Н.Ә.Назарбаев ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан айрықша көңіл бөліп келеді. Елбасы осы жылдары жаңа заманға лайық, нарықтық экономиканы басқара білетін ондаған, жүздеген кәсіби мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиелеп шығарды. Олар казір Үкіметте, орталық атқарушы органдарда, өңірлерде қызмет атқаруда.

1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясының 7 негізгі басымдықтарының бірі - демократиялық кәсіби мемлекет құру болды. 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Ал 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясында кәсіпқой мемлекеттік аппаратты қалыптастыру стратегиялық міндет есебінде қойылды. 2013 жылы мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға сәйкес кадрларды іріктеу мен ротациялау кезінде меритократия қағидаттарын қамтамасыз ету, персоналды басқару институты, кадр қызметінің рөлін арттыру, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту жүзеге асырыла бастады. Әкімшілік қызметкерлердің «А» басқарушы корпусы құрылды. Кадрлар жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істей бастады. Ел Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлығына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және жинақы Үкіметті қалыптастыру мақсатында бірқатар министрліктер біріктірілді. Парламентте «Үкімет туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Бұл заңдар Елбасының Жарлығымен айқындалған мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы функцияларды ажырату, орталық және жергілікті атқарушы органдар өкілеттіліктерін кеңейту және күшейту арқылы олардың дербестігі мен жауапкершілігін көтеруге, құжат айналымын барынша қысқартып «жинақы» Үкімет қалыптастыруға, тұрғындардың мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр.

Еліміздің экономикасы дамып, халқымыздың әл-ауқаты артқан сайын халыққа қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлерге деген талап та жоғарылай бермек. Бүгінгі мемлекеттік қызметкердің моральдық, саяси, іскерлік қасиеттері жоғары, қолы таза, жүрегі адал, қарапайым да кішіпейіл, әдепті, білімді де білікті, мәдениетті, рухы мықты, жігерлі, қажырлы да қайратты, отансүйгіш, ұлтжанды, мемлекетшіл, жауапкершілігі жоғары, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, құқықтық сауатты, өз қызметінің білгірі болуы керек. Ол мейлі қызметте болсын, көпшілік алдында болсын өзінің іскерлігімен, жүріс-тұрысымен, сөйлеу мәдениетімен көпке үлгі, халық алдында беделді болуы керек. Мемлекеттік қызметкерлердің беделі - мемлекеттің беделі екенін есімізден шығармауымыз керек. Себебі, ол - салық төлеушілердің қаржысына жалданып, мемлекет атынан халыққа (тұтынушыларға) мемлекеттік қызмет көрсетуші. Сондықтан, оның ең басты міндеті - халыққа қалтықсыз қызмет көрсетіп, олардың сенімінен шығу. Сондықтан да мемлекеттік органдарға ысылған, тәжірибелі, қолы таза, жүрегі адал, жауапкершілігі жоғары, мемлекетшіл азаматтарды таңдап, іріктеп, орналастыру қажет. Ол үшін реформада айтылғандай, мемлекеттік қызметке бірінші қабылданушылар үшін үш сатылы іріктеу жүйесін ендіру, міндетті сынақ мерзімін 3 ай сайын межелік бақылау арқылы 6 айға дейінгі мерзімге белгілеу көзделуде. Мұның мақсаты алғаш қабылданған мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімін тағайындай отырып, оның жан-жақты қабілеттері айқындалғаннан кейін ғана нағыз білімді, білікті, іскер, қабілетті азаматтарды мемлекеттік қызметке тағайындау болып табылады. Бұл мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартады, тиімділігін арттырады, қолжетімді етеді, халықтың мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімін арттырады. Сондықтан тиісті мемлекеттік орган мемлекеттік қызметкерлердің кадр резервін жасақтаумен тиянақты түрде айналысып, мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу, орналастыру, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін көтеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуі керек. Осы тұрғыда, мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына үлкен мән берілуі тиіс.

Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы, әсіресе, жергілікті жерлерде төмен, әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Көп жағдайда қызметтен босап қалған мемлекеттік қызметкерлерге қамқорлық жасап, тиісті жұмыстар ұсынылмайды. Мысалы, 2013 жылы аттестациядан өте алмаған тәжірибелі 57 аудан, қала әкімдерінің көпшілігі жұмыссыз қалды. Осындай жағдайлар күнделікті өмірде жиі кездеседі. Мүмкін, мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа бару себептерінің бірі осында шығар. Реформада мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру мәселесі қойылған. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіруге, жаңа инновациялық технологияларды меңгеруіне, өзінің қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, алға ұмтылуына, лауазымды қызметінің тиімділігін арттыруына ықпал етеді. Нәтижесінде қоғам, мемлекет ұтады.

Елбасы ұсынған реформада мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу мәселесі де бар. Бұл да өте орынды мәселе. Ел өңірлерінің табиғи-климаттық жағдайы, тұрғындардың тығыздығы әртүрлі. Лауазымдық еңбекақы тағайындағанда осының бәрі ескерілгені жөн. Бір өңірде күн өте ыстық, екінші өңірде қыс ұзақ, суық. Ал кей аудандарда халық санының алшақтығы 10-15 есеге дейін барады. Мысалы, ауылдық округтерде халық саны 1 мыңнан 30-40 мыңға дейін, ал аудандарда 20-25 мыңнан 250-300 мыңға дейін аралықта қалыптасқан. Әрине, халық көп, тығыз орналасқан аудандар мен ауылдардың проблемалары да, өтініштері де, мемлекеттік қызметкерлерге жүктемесі де көп болады. Алайда, ауылдық округтер мен аудандар арасында халық санының үлкен айырмашылығына қарамастан, олардың штаттық кестесі мен жалақыларында айырмашылық аз. Бүгінде Үкімет қаулысына сәйкес халқы 250 мыңнан төмен аудан әкімдерінің орынбасарлары үшеуден аспауы керек деген шектеу қойылған, яғни 20-25 мың халық тұратын ауданда да, 200-240 мың халық тұратын ауданда да әкімнің орынбасарлары да үшеуден аспауы тиіс. Ауыл әкімдіктерінің штат бірліктерінде осындай алшақтық байқалады. Мұндай жағдайлар халық көп тұратын аудандар мен ауылдарда халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуде қиыншылықтар тудыратыны сөзсіз. Сондықтан, Елбасының реформасы аясында аталған мәселе Үкімет тарапынан тағы да зерттеліп, өңірлердің аудан, ауыл әкімдіктерінің штат лимитін, қызметкерлердің еңбекақысын халық санына сай айқындаса дұрыс болар еді. Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу мемлекеттік қызметкерлер үшін жеке жылдық жоспарларды орындау, министрлер мен әкімдер үшін мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту үшін төленетін болады. Мысалы, өңір басшылары үшін негізгі индикатор өмір сапасы болуы керек. Ал өмір сапасы дегеніміз - тұрғындардың өмір сүру жасының ұзақтығы, туу мен өлім деңгейі, өңірдегі табиғи өсім, жұмыссыздық деңгейі, ауыз сумен, тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б. Қай өңірде халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, өткен жылмен салыстырғанда өсу бар, сол өңірдің басшыларының жұмысына жақсы баға берілуі керек те, олардың лауазымдық айлығы жоғары болуы тиіс. Жыл қорытындысы бойынша оларға Үкімет белгілеген бонус, ал әкімдік қызметкерлері үшін сыйақы қарастырған жөн. Мұндай еңбекақы төлеу жүйесі мемлекеттік қызметкерлерді, мемлекеттік қызметті тиімді, сапалы, үлкен жауапкершілікпен атқаруға ынталандырған болар еді.

Мемлекеттік қызметкерлердің орташа жалақысы ұлттық компанияларда жұмыс істейтін азаматтардың орташа жалақысынан кем болмауы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдарының бірі - мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық құқық бұзушылыққа, пара алуға баруы тиімсіз болатындай жағдай жасау. Ол, жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімін жаңғырту, еңбекақының ынталандыру жүйесін ендіру, мемлекеттік қызметкердің беделін көтеру шараларымен бірге, олардың зейнетақы жүйесін жетілдіру болып табылады. Қолы таза, жүрегі адал, жауапкершілігі жоғары мемлекеттік қызметкерлер зейнеткерлікке шыққанда лайықты зейнетақы тағайындалатынын білсе, олар өз орнын ерекше бағалап, оған кір келтірмей, қызметін жан-тәнімен таза әрі сапалы атқарған болар еді. Бұл қоғам үшін де, мемлекет үшін де өте тиімді. Кәсіби мемлекеттік аппарат құруда мемлекеттік басқарудың тиімді құрылымын жасақтау, оны барынша халыққа, мемлекет қызметін алушыларға жақындату маңызды. Бүгінде миллиондаған халқы бар өңірді басқарып отырған, сол өңірдің барлық мәселелеріне жауап беретін, Президенттің өкілі болып табылатын облыс әкіміне есеп бермейтін министрліктердің облыстағы департаменттері мен басқармаларының саны көбеюде. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің әр облыста білім сапасын бақылайтын басқармалары бар. Онда 20-25 адам жұмыс істейді. Олар мектептерде, колледж­дерде мемлекеттік білім стандарттарының орындалуын бақылайды. Облыс әкіміне де бағынышты білім басқармасы бар. Оның да негізгі міндеттері сол. Ал облыстағы білім саласына тікелей жауап беретін де облыс әкімі. Сонда министрліктің облыстағы басқармасы облыс әкімінің жұмысын қадағалап, баға бере ме? Меніңше, түсініксіз. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей жауапты, Президент пен Үкіметке есеп беретін, Президент Жарлығымен тағайындалатын облыс әкіміне сенім білдірмей, облыстарда әрбір министрліктердің басқармаларын ұстау мемлекет үшін тиімсіз, бюджет үшін шығын. Мұндай басқармалар басқа да министрліктерде бар. Олардың міндеті - өңірге іссапармен барған орталық атқарушы орган басшыларын күтіп алып, шығарып салу, ақпаратпен қамтамасыз ету. Елбасы реформасы барысында осындай артық, тиімсіз құрылымдарды қайта қарап, оңтайландырып, облыс әкімдігінің жауапкершілігін көтерген дұрыс болар еді. Тағы бір мәселе. Еліміздің қарыштап алға дамуында, халқымызды сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде, қоршаған ортаны қорғауда, Жер-ананы қадірлеу мен дұрыс пайдалану да, оның құнарлылығын арттыру да экологияға мән беру өте маңызды. Алайда, осы саланы басқару Ұлттық экономика министрлігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары комитетіне, ал экология мен қоршаған ортаны басқару табиғатқа барынша көп зиян келтіретін Энергетика министрлігінің құзыретіне берілген. Қалыптасқан жағдай бүгінгі таңда жер мен экологияға байланысты өте маңызды мәселелерді шешуді қиындатуда. Үкімет, алдағы кезде бұл мәселені тереңірек ойластырғаны жөн.

Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызмет тұтынушыларға барынша жақындатылып, олардың күнделікті талап-тілектерінің, өтініштерінің дер кезінде, сапалы орындалуын қамтамасыз ету керек. Ал мемлекеттік қызметті тұтынушылар негізінен ауылдарда, аудандарда, қалаларда тұрады. Былтырғы жылы мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату кезінде Үкіметтен орталық атқарушы органдарға 1 606 немесе 65% функциялар берді. Бұл - өте дұрыс. Алайда, орталық атқарушы органдардан жергілікті атқарушы органдарға небәрі 261 функция берілген. Ал облыстық деңгейден аудандық деңгейге 14-ақ функция, ал ауданнан ауыл кенттері әкімдіктеріне ешқан­дай функция берілмеген. Біздің ойымызша, облыс деңгейіндегі жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, т.б. салалар бойынша көптеген функцияларды қиналмастан аудандық деңгейге беруге болады. Мысалы, денсаулық сақтау саласын басқару мен қаржыландыру 2005 жылға дейін аудан, қала әкімдіктерінің құзыретінде болып, жап-жақсы жұмыс істеп келді. 2005 жылдан облыс әкімдігі құзыретіне өтті. Облыс орталығынан шалғайда, 300-400 шақырым жерде орналасқан медицина мекемелері басшылары өз мәселелерін шешу үшін облысқа, облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып, 2-3 күн жүреді. Ал егер, аудан аумағында орналасқан аурухана, емхана, т.б. денсаулық сақтау нысандарында төтенше жағдай болып қалса, аудан көмек бере алмайды. Себебі, бюджетте қаржы қарастырылмаған. Ал тұрғындар көмек сұрап, аудан әкіміне келеді. Аудан әкімі бюджеттен қаржы бөлейін десе, заңсыз, жауап береді. Қатты жел тұрып, шатырын ұшырып кеткен суық ауруханадағы аурулар, жергілікті тұрғындар қиын жағдайда көмек бере алмаған әкімге наразы болады. Сондықтан, аудан көлеміндегі денсаулық сақтау мекемелерін қаржыландыруды (коммуналдық қызметтерін, жөндеу, энергиямен, сумен, жылумен қамтамасыз ету және бастапқы медициналық көмек көрсету, т.б. мәселелерін) аудан, қала, әкімдерінің құзыретіне беру керек деп ойлаймын. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолында Елбасының бастамаларын орындау біздер - Парламент депутаттарына да көп жауапкершілік жүктейді. Өйткені, біздер өзіміздің заң шығару кәсіби міндеттерімізді атқарып, қабылданатын заңдардың сапасын көтеріп, еліміздің алға дамуына мұрындық болуымыз қажет.

Өмір бір орнында тұрмайды. Ол тұрақты түрде дамуда болғандықтан, қолданыстағы заңдар өмір талабына сай етіп жетілдіріп отыруды, оның сапалы орындалуын қамтамасыз етуді талап етеді. Ал сапасыз қабылданған заңдар белгілі бір саланың толыққанды жұмыс істеуіне кері әсерін тигізіп, азаматтардың заңға деген, билікке деген сенімсіздігін тудырады. Міне, осындай жағдайда Парламент өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, депутаттар өздеріне жүктелген міндеттерін тиянақты орындауда белсенділік танытып, бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Елбасы реформаларында қойылып отырған үлкен де аса жауапты міндеттерді ойдағыдай орындау үшін, сондай-ақ, елімізде тұрақтылық, келісім мен бірлік болуы керек. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі таңда Қазақстанды серпінді дамытудың айқын әрі жүзеге асырылатын 5 институттық реформасын айқындап, ондағы көзделген мақсаттарды әрбір қадамға бөліп, яғни қай уақытта қай реформа іске асырылатынын нақты көрсетті. Тұтастай алғанда, Елбасы ұсынған бес институттық реформа ел тәуелсіздігінің баянды болуына, елімізде саяси тұрақтылықтың нығаюына, экономикамыздың серпінді түрде дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына, ішкі және сыртқы саясаттағы жаңа бағыт-бағдарды қолдауға бағытталған. Бұл мақсатты орындау үшін бәріміз бір кісідей жұмылып, елімізде бірлік пен тұрақтылықты сақтап, оны нығайта отырып, аянбай тер төгіп еңбек етуіміз керек.