Қайыңды көліне апаратын жаңа жол қашан қолданысқа беріледі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында Қайыңды көліне апаратын аудандық маңызы бар жолының қашан қолданысқа берілетіні белгілі болды.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл тамыз айында жаңа жолмен автокөліктер жүре бастайды. Қазіргі таңда өрге қарай бағытталған ойлы-қырлы жол тегістеліп, енді асфальт төсеу жұмысы қарқын алған.

Бүгінге дейін жол бойындағы 42 (100%) су өткізгіш құбыр толық орнатылып, 2,5 шақырым жол асфальтталды. Жолдың жалпы ұзындығы — 10 шақырым болады. Жоба өткен жылдың қазан айында басталды. Жалпы құны — 2,43 млрд теңге.

— Жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымының талапқа сай болуына, жол сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін Қайыңды көліне қатынау едәуір жеңілдейді. Бұл өңірге келетін туристер санының артуына оң ықпал етеді, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, Қайыңды көліне апаратын жол құрылысы бірнеше жылдан бері талқыланып келді. Бұл мәселеге 2023 жылы «Қайыңды — Саты» тау жолында болған жол апатынан кейін ерекше назар аударылды. Ол кезде жолаушылар мінген автобус УАЗ автокөлігімен соқтығысқан болатын.

Қазір туристер Алматы облысының ең көрікті орындарының бірін көру үшін әлі де жол талғамайтын көліктермен қатынауға мәжбүр. Олар жолдың бір бөлігін ескі УАЗ көліктерімен еңсеріп, қалған бөлігінде жаяу жүреді.

2025 жылдың жазында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Қайыңды көліне баратын жолдың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгенін айтқан еді.