Қайырхан Тұтқышбаев солтүстік пен шығыс өңірлерді газдандыру жоспарымен бөлісті

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев еліміздің солтүстік пен шығыс өңірлерін газдандыру жоспарымен бөлісті.

— Қостанай облысында газбен қамтамасыз етілген елді мекендер бар. Қазір Қарталы-Рудный-Қостанай газ құбыры жұмыс істеп тұр. Ырғыз, Торғай өңірлеріне қатысты жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп, тиісті қаражат есебінен жалғастырамыз. Ол жаққа магистральды газ құбырлары келіп тұр. Шығыс Қазақстан өңірі жайында айтар болсам, бұл мәселені 2 тараппен шешеміз. Бірінші жоспар бойынша Қытай мен Ресей арасындағы келіссөздер нәтижесінде газ құбыры шығыс өңіріміз арқылы тартылса, онда Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының бүкіл ауданын көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік болар еді, — деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Алайда, ол бұл келіссөздер Қытай мен Ресей арасында ғана өтіп жатқанын, оған Қазақстан қатыспайтынын атап өтті.

— Солтүстік өңірлер бойынша өткен жылы Ресеймен Санкт-Петербург қаласында меморандумға қол қойдық. Бірінші газ 2030 жылы Есіл-Астана жобасы аясында келуі мүмкін. Бұл — Астанадан Көкшетау қаласына, Көкшетаудан Петропавл қаласына дейін тартылатын құбыр. Жоба іске асқанда солтүстік өңірлер толыққанды газбен қамтылады, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Осыдан бұрын вице-министр елімізде 700 мың тоннаға дейін дизель отыны тапшылығы бар екенін айтты.