Қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай тізілімі жасалады

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатта «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды.

Фото: Kazinform / ЖИ

Жаңа заң жол инфрақұрылымын басқаруды және жол қауіпсіздігін цифрландыруды, көліктегі озық технологияларды заңнамалық реттеуді, сондай-ақ киберқауіпсіздікті нығайту мен жеке деректерді қорғауды дамытуға бағытталған. Сондай-ақ қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай мемлекеттік тізілімі жасалады.

Сенатор Амангелді Есбайдың айтуынша, бұл үшін ҚР Жер кодексіне, Кәсіпкерлік кодексіне, Еңбек кодексіне, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне, Әлеуметтік кодексіне және Бюджет кодексіне, сондай-ақ қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

— Ең алдымен көлік заңнамасын жетілдіру шеңберінде пилотсыз көлік құралдары мен әуе мобильдігін дамытуды (аэротакси) реттеу және автожол саласын одан әрі дамыту бойынша заңнамалық түзетулер ұсынылған. Пилотсыз көлік құралдарын пайдалануды реттейтін заңнамалық актілерге «пилотсыз автокөлік құралы», «пилотсыз әуе кемесі», «пилотсыз теміржол көлігі құралы» аппараттық ұғымдары енгізіледі және бұған инфрақұрылымды қалыптастыру, пилотсыз көлік құралдарын қолдану тәртібін анықтауға қатысты нормалар қарастырылған, — деді Сенат депутаты.

Көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтардың медициналық деректерін (диагнозды ашпай) Ішкі істер министрлігінің цифрлық дерекқорына интеграциялау, жол ережелерін бұзуды тіркейтін камераларды жедел жәрдем көліктері мен автобустарға орнату нормалары ұсынылған.

Сонымен бірге көлік жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылау енгізу және автомектептер жұмысына рұқсат беру тәртібін және осындай рұқсат алу үшін талаптарды енгізуге және ақпараттық жүйе арқылы оқу процестерін қадағалау үшін оқу ұйымдарының реестрін жасау қарастырылған.

— Ұлттық қауіпсіздік органдарының аса маңызды цифрлық нысандар киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу өкілеттіктері кеңейтіледі. Еңбек заңнамасы жұмыс берушілердің қызметкерлерді киберқауіпсіздік талаптарымен таныстыру, олардың лауазымдық міндеттерінде белгілеу және аталғандардың сақталуына ішкі бақылау жүргізуді міндеттейтін нормалармен толықтырылған, — дейді Амангелді Есбай.

Сондай-ақ, дербес деректер идентификаторлары, деректерді бүркемелеу және хэштеу, дербес деректерді жинайтын және өңдейтін тұлғалардың тізілімі сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі.

Цифрлық нысандардан дербес деректерді бөлек файлдарға немесе цифрлық тасымалдағыштарға тиісті келісімсіз көшіруге тыйым салу, дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылу реестрін енгізу, өңделетін деректер көлеміне қарай дербес деректердің меншік иелері мен операторларын сыныптау көзделеді.

— Қоғамдық тәртіпті бакылау, қылмыспен күресу және азаматтардың қауіпсіздігі үшін Ұлттық бейнемониторинг жүйесі енгізіледі. Мемлекеттік қайырымдылық цифрлық платформасы және қайырымдылық ұйымдарының тізімін қалыптастыруға, көші-қон қауіпсіздігін күшейтуге және шекараның цифрлық жүйелерін корғауға арналған нормалар ұсынылған, — деді сенатор.

Бұған дейін Сенат сот орындаушылар жауапкершілігін арттыру туралы заңды мақұлдаған еді.