Бұл кездесу 4 тамыз күні Қазақстан уақытымен 22:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Матчқа литвалық төрешілер бригадасы бекітілген. Бас төреші – Донатас Румшас, оған отандастары Александр Радиус пен Довидас Сужеделис көмектеседі.
Төртінші төреші - Робертас Валиконис. Бас төрешінің бейнеқайталау көмекшісі швейцариялық Федайи Сан болса, бейне қайталау көмекшісінің ассистенті - Кестутис Бартушкявичюс.
Қарымта ойын 11 тамызда Түркістан қаласындағы «Түркістан-арена» стадионында өткізіледі.
«Левски» – Болгарияның байырғы клубтарының бірі. Ел астанасы – София қаласында 1914 жылы құрылған команда содан бері 27 мәрте чемпиондық атаққа ие болса, кубокта да дәл сондай көрсеткішті бағындырды. Оған қоса жоғары дивизионнан бірде-бір мәрте түсіп көрмеген жалғыз клуб ретінде ерекшеленеді. Соған қарамастан еурокубок ойындарында жиі бой көрсете бермейді. Соңғы рет олар 2010/2011 жылғы маусымда Еуропа лигасында бақ сынаған еді.
«Левски» қазақстандық клубтармен бұған дейін бір мәрте жолығып үлгерді. Бұл кездесуде он жылдай бұрын болған еді. 2013/2014 жылғы маусымда Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде олар павлодарлық «Ертіспен» шеберлік байқасты. Болгарияда өткен алғашқы кездесуде қарсыластар 0:0 есебіне қанағат білдірсе, Павлодарда алаң иелері 2:0 есебімен басым түсті.
Нәтижесінде болгариялық команда жарыс жолынан шығып қалды.
Алматылық клуб қазірге дейін бірінші және екінші іріктеу кезеңдерінде Черногорияның «Сутьеска» (2:1, 2:0), «Омония» (1:0, 0:1, пенальтиден 6:5) клубтарын қапы қалдырған еді.
Плей-офф кезеңіне шыққан жағдайда алматылық ұжым Грекияның АЕК клубымен кездесуі мүмкін. Бұл ойындар 18-19, 25-26 тамыз күндеріне белгіленген.
Алматылық ұжым Чемпиондар лигасында «Левскиден» жеңілген жағдайда Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде сынға түсуге мүмкіндік алады. Бұл турнирде олар ПАОК (Грекия) - «Андерлехт» (Бельгия) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Айта кетсек, алматылық клуб өткен маусымда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Португалияның «Спортинг» (1:4), Испанияның «Реал Мадрид» (0:5), Италияның «Интер» (1:2), Грекияның «Олимпиакос» (0:1), Данияның «Копенгаген»( 2:3), Бельгияның «Брюгге» (1:4), Англияның «Арсенал» (2:3) клубытарына жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түскен еді.