АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 2-турында «Ақтөбе» кезекті жеңісіне қол жеткізді , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы ойын күнін «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Қайрат» (Алматы) командалары түйіндеді.
Павлодар қаласында өткен ойында алматылық клуб сапынан Артур Шушеначев 39, Жоао Паоло 75, Еркебұлан Сейдахмет 88-минутта мергендік танытты.
Оған «Ақсу» ойыншысы Мирас Төлебек 81-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Қайрат» қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Қазірге дейін сырт алаңда елордалық «Астана» Талдықорғанның «Жетісуын» 2:0, шымкенттік «Ордабасы» қарағандылық «Шахтерді» 4:1 есебімен сүріндірді.
Ал «Ақтөбе» өз алаңында «Оқжетпестен» 5:1 есебімен басым түсті.
Ертең, 10 наурызда «Каспий» (Ақтау) мен «Тобыл» (Костанай), «Атырау» мен «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы) командалары кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.