Қайрат Сатыбалды қонақүйі болған: Алматыда жаңа AI-хаб қандай болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда IT және жасанды интеллект саласын дамытуға арналған екі ірі орталық құрылады.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Көктем-3 шағынауданында Almaty AI Hub орталығы құрылмақ. Бұл нысан бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі қонақүй болған.

Бүгінде ауданы 9,4 мың шаршы метрден асатын ғимаратты қайта жаңғырту басталған. Нысан 556 жұмыс орны бар көпфункционалды орталыққа айналады.

— Мұнда IT және жасанды интеллект компанияларына, стартаптар мен әзірлеушілерге арналған кеңістіктер, білім беру алаңдары, коворкингтер, кеңселер, конференц-залдар мен іс-шаралар өткізу аймақтары орналасады. Хаб құрамына жасанды интеллект мектебі мен AI Campus инфрақұрылымы да кіреді. Сондай-ақ робототехника экожүйесін құру көзделген, — деп хабарлады әкімдіктен.

Фото: Алматы әкімдігі

Екінші жоба — Almaty AI Park. Оны 4,9 гектар жерге салу жоспарланған. Кешеннің жалпы ауданы шамамен 76 мың шаршы метр. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңді 2027 жылы желтоқсанда, ал екіншісін 2028 жылы желтоқсанда аяқтау көзделген.

— Almaty AI Park құрамына ғылыми-зерттеу және жасанды интеллект зертханалары, технологиялық компаниялардың кеңселері, коворкинг, акселератор мен бизнес-инкубатор, сондай-ақ білім беру және іс-шаралар өткізу инфрақұрылымы кіреді. Бұдан бөлек, технологиялық кластердің өзінде мамандар даярлайтын университет ашу жоспарланған, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүйге жаңа инвестор табылғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған тағы бңр қонақүй аукционға қойылды. Бірақ нысанға әзірге сатып алушы табылмады.