«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС аукционға шығарылған нысанның бағасын бұл жолы 14 млрд теңгеге төмендеткен. Жалпы ауданы 63 920 шаршы метр болатын Kaisar Plaza орталығының қазіргі бағасы — 47 344 075 556 теңге.
Электрондық аукционның басталуы 2026 жылдың 10 шілдесінде сағат 12:00–ге жоспарланған. Басқарушы компания «Kaisar Plaza» сауда орталығынан бөлек, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді, сондай-ақ зергерлік бұйымдар мен қол сағаттарды да саудаға шығарды.
Премиум санаттағы аксессуарлардың бастапқы құны 517,8 миллион теңгеге бағаланып отыр. Олар бойынша сауда-саттық 9 шілдеде өтеді.
Сондай-ақ 14 шілдеде үш пәтер саудаға шығарылады: екеуі «Парижский квартал» тұрғын үй кешенінде және біреуі «Green Village» тұрғын үй кешенінде орналасқан.
Еске салайық, Kaisar Plaza орталығы бойынша алғашқы аукцион 2026 жылдың 7 сәуірінде өтуі тиіс еді. Бастапқы бағасы — 61,5 млрд теңге болды.
Алайда электрондық аукцион басталған кезде нысан бойынша тіркелген сатып алушылардың болмауына байланысты аукцион өтпеді.