Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Алматыдағы бизнес-орталық тағы да сатылмай қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрын Қайрат Сатыбалдының иелігінде болған Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығын сату бойынша электронды аукцион тағы да өтпей қалды.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

14 шілдеге жоспарланған аукционға бірде-бір қатысушы тіркелмеген. Нысан бағаны көтеру әдісімен сатылымға шығарылған. 

Сауда-кеңсе орталығының бастапқы бағасы 47 млрд 344 млн 75 мың 556 теңге (ҚҚС-сыз) болып белгіленген. Ал аукционға қатысу үшін 7,1 млрд теңгеден астам кепілдік жарна енгізу талап етілген.

2017 жылы салынған тоғыз қабатты ғимараттың жалпы аумағы 63 920 шаршы метр. Ол Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Желтоқсан көшесі, 115 мекенжайында, 0,7209 гектар жер телімінде орналасқан.

Қазір нысан «КУВА» ЖШС-нің еншілес ұйымының сенімгерлік басқаруында. Бизнес-орталық қалыпты жұмысын жалғастырып отыр. Онда 53 жалға алушы бар.

Еске салайық, биыл ақпан айында да бұл коммерциялық ғимарат сатылымға шығарылған болатын. Сол кезде оның бастапқы бағасы 61,5 млрд теңге болған. Алайда сатып алушы табылмағандықтан, аукцион өтпеді.

Айта кетейік, 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекетке қайтарылған Қайрат Сатыбалдының бірқатар активі туралы ақпарат жариялаған еді. Олардың қатарында Kaisar Plaza бизнес-орталығы, әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, элиталық жылжымайтын мүлік нысандары, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол желілері, сондай-ақ шетелден қайтарылған активтер мен ақшалай қаражат бар.

Мемлекетке қайтарылған бұл активтердің жалпы құны 732,8 млрд теңге болған.