«Қайраттың» бас бапкері қызметінен кете ме

Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» бірінші команданың бапкерін ауыстыра ма? Клуб ресми мәлімдеме жасады. 

Алматыда «Қайрат» пен «Елімай» арасындағы тең ойыннан кейін әлеуметтік желіде алматылық клубтың бапкері Рафаэль Уразбахтиннің қызметінен кететіні туралы ақпарат тарады. Бұл қауесетке байланысты клубтың баспасөз қызметі ресми жауап берді.

— Ақпараттық кеңістікте тараған бас бапкердің ауысуы мүмкін екені туралы мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Клуб Рафаэль Уразбахтинге және оның бапкерлер штабына толық сенім білдіреді. Маманның қолданыстағы келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін жарамды. Бас бапкер қызметіне қатысты ешқандай өзгеріс қарастырылып жатқан жоқ, — делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар «Қайрат» клубы мұндай жарияланымды команда төңірегінде жасанды түрде шиеленіс туғызу және клуб ішіндегі жұмыс атмосферасын тұрақсыздандыру әрекеті ретінде бағалайтынын атап өтті.

— Бұл әрекет клубтың бірлігіне, таңдалған бағытқа деген сеніміне, алға қойған мақсаттарына әсер етпейді, — деп мәлімдеді команданың баспасөз қызметі.

Еске салайық, Қазақстан Премьер-лигасының VII турының аясынла алматылық «Қайрат» өз алаңында Семейдің «Елімай» командасымен кездесті. Ойын 2:2 есебімен аяқталды.