Биылғы біріншілікті сәтсіз бастаған қызылордалық клуб соңғы турларда жанкүйер көңілінен шығып келеді. Соңғы он турда небәрі бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Есесіне семейлік команда ала-құла ойын көрсетіп жүр. Кейінгі алты кездесуде бес мәрте тең түскен еді.
Бүгінгі ойында семейлік клуб алғашқы болып есеп ашты.
Ойынның 13-минутында олардың қатарынан Алвеш Дос Сантос Роджерио мергендік танытып, өз командасын алға шығарды.
Ал екінші кезеңде 56-минутта «Қайсар» сапынан Айбар Жақсылықов пенальтиден таразы басын теңестірсе, 95-минутта Горан Милойко жеңіс голын соқты.
Айта кетсек, 61-минутта қызылордалық клубтан Тоқтар Жаңғылышбай қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Осылайша он ойыншымен қалса да «Қайсар» қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Еске салсақ, аталған турда 13 шілдеде «Шахтер» мен «Жетісу» тең түскен еді.
Енді 14 шілдеде 18:00–де «Қайрат» (Алматы) пен «Жеңіс» (Астана) шеберлік байқасады.
Сондай-ақ «Ордабасы», «Ақтөбе», «Тобыл» командаларының еурокубокта ойнауына байланысты аталған турдағы олардың қатысуымен өтетін бірқатар ойындар кейінге шегерілді.