Қайтарылған активтер: Қызылордада дария суын ішіп келген ауылдарға су жетті

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында Президент тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен денсаулық сақтау, білім беру, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында 14 әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Соның 5-еуі Қазалы ауданына тиесілі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл халықты ауызсумен қамтамасыз етуге арналған 4, сондай-ақ 1 медициналық нысанның құрылысы басталған болатын.

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

— Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек ауылдарын ауызсу желісіне қосуға республикалық, облыстық бюджеттен және қайтарылған активтер қаражаты есебінен барлығы 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінде құрылыс жұмысы толық аяқталды, — делінген хабарламада.

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Айта кетейік, су жеткен Сарбұлақ, Шилі, Шәкен ауылдары аудан орталығынан тым шалғай орналасқан. Бұл елді мекендердің тұрғындары бұған дейін тіршілік нәрін бұлақтан, ал шитүбектіктер дариядан тасып ішіп келді.

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Қайтарылған активтер есебінен аудандық көпбейінді орталық аурухана жанынан 42 төсектік инсульт және кардиология орталығы салынып жатыр. Оның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сол кезде жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды мәселе болған МРТ құрылғысы орнатылады. Инсульт, жүрек және қан-тамыр аурулары бойынша науқастар тексеріліп, емделе алады. 

Ал бүгін Ақтөбе облысының Маржанбұлақ ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды.