Микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM – Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізіліп, онда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Кеңесте өткен жылы мыңдаған қазақстандықтар кибералаяқтардан зардап шеккені айтылды.
Сенгіш азаматтарды алдау үшін заманауи IT-технологиялар мен психологиялық манипуляциялар кеңінен қолданылады.
- Телефон алаяқтары Алматы қаласында 82 жастағы зейнеткерді 67 млн теңгеге қатарынан 14 транзакция жасауға көндірген. Олар өздерін күштік органдардың қызметкерлері деп таныстырып, жәбірленушіге оның шоттары арқылы жасалған террористік шабуыл туралы хабарлаған. Бұдан бөлек, қайтыс болған адамдарға және біздің елде ешқашан болмаған шетелдіктерге биометрия өткізбестен микроқарыздар беру фактілеріне жол беріліп жатыр, банктік шоттар ресімделіп, олар арқылы көптеген алаяқтық транзакция өтіп жатыр, - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Мысалы, Ақтөбе облысында «Кредит 365 Казахстан» және «Авто Сыйлық» микроқаржылық ұйымдары биометриясыз 2023 жылдың шілдесінде қайтыс болған азаматқа микроқарыздар ресімдеген.
Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша өткен жылдың желтоқсан айынан бастап өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан азаматтардың алаяқтар айласына түсуіне әкеп соққан микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс басталды.
Ұсталған адамдар бар.
- Батыс Қазақстан облысында елімізге ешқашан келмеген Украина азаматына шот ашқан екінші деңгейдегі банкінің 2 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы тұлғаның шотына жәбірленушілер өздерінің жинаған қаражаттарын аударып отырған (залал 1 миллион теңге), - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта банк қызметкерлері өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдікті болып танылды (ҚК-нің 250-бабы).
- Билайн, Теле-2 ұялы байланыс операторларының қызметкерлері мен олардың дистрибьютерлеріне қатысты ҚК-нің 211 және 254-баптары бойынша 4 іс қозғалды: БҚО-2, Қарағанды мен Алматыда біреуден. Олар алаяқтарға азаматтарды алдау үшін пайдаланылған мыңдаған сим-карталарды тіркеуге көмектескен, - делінген хабарламада.
Еске салсақ БҚО-да прокуратураның араласуымен 468,5 млн теңге мемлекетке қайтарылған еді.