ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясына батысқазақстандықтар да белсене қатысты. Кеше Салтанат сарайы алдында барлық он екі ауданнан келген автокөліктер қаздай тізілді.
Жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осынау шараның маңыздылығын, қазақ халқы әуелден бауырмал, мейірімді, мұқтаж жандарға қолұшын созуға дайын тұратындығын атап көрсетіп, «Қайырымдылық керуеніне» белсене қатысқан барлық мекеме-ұйымдарға, кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін шараға қатысушылар қаладағы мамандандырылған әлеуметтік мекемелерге, соның ішінде балалар мен қарттар үйлеріне, мүгедектер интернат-үйлеріне барып, тарту-таралғыларын үлестірді.
Еске сала кетейік, 27 қараша күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін қайырымдылық ұйымдарының, меценаттардың және донорлардың «Қайырымдылық керуені» атты республикалық съезіне батысқазақстандық делегация да қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).