Қаза тапқан фельдшер ісі: Үй қасбетін күтіп ұстамағаны үшін ПИК төрағасы айыпталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасы бойынша іс қаралып жатыр. Тұрғын үй қасбетінің опырылуына Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Сауле Жұбаниязова жауапты деп танылған. Прокурорлар ресми айыптау актісін жариялады.

Коллаж: Kazinform

Сауле Жұбаниязова ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінген.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үй 2005 жылы пайдалануға берілген. 2025 жылғы 12 мамырдан бастап аталған үйдің ПИК төрағасы қызметіне Сауле Жұбаниязова келген. Прокурордың мәліметінше, оған үйдің ортақ мүлкін тиісті деңгейде күтіп ұстауды және ғимараттың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету міндеті жүктелген.

Прокурордың айтуынша, ПИК қарамағында 2017 жылғы үйді техникалық тексеру жөніндегі қорытынды болған. Құжатқа сәйкес, ғимараттың физикалық тозу деңгейі 31% болған. Мамандар қасбетті, жертөлені және шатырды жөндеуге кеңес берген.

– С.Жұбаниязова техникалық қорытынды барын білген және үйдің ортақ мүлкінің жағдайын қадағалау қажеттігінен хабардар болған. Алайда ПИК төрағасы өз қызметін атқарған кезеңде қасбеттің техникалық жағдайына тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген, қажетті визуалды тексеру жүргізбеген және ақауларды уақытылы анықтамаған, – деді Саяжан Серікова.

Мемлекеттік айыптаушы 2025 жылғы 12 мамыр мен 8 қараша аралығында ПИК төрағасы қажетті техникалық тексеру жүргізуді де бастамағанын және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырмағанын қоса айтты.

Соттағы құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, қасбеттің қирауы кенеттен емес, біртіндеп өрбіген. Прокурордың түсіндіруінше, жарықтар мен басқа да зақымдар ұзақ уақыт бойы қалыптасқан, әрі оларды тиісті визуалды тексеруде анықтауға болар еді.

– Бұл зақымдар қираудың бұған дейін еш белгісі байқалмай, кенеттен болғанын көрсетпейді. Ақаулар ұзақ уақыт бойы қордаланған және үйдің ортақ мүлкін тиісті деңгейде тексеріп, анықтап, кейін оларды жою бойынша қажетті шаралар қабылдауға болатын еді, – деді прокурор.

2025 жылғы 8 қарашада сағат 10:40 шамасында үй қасбетінің қаптамасындағы кірпіштер құлап, бірнеше адам зардап шекті. Атап айтқанда, Жанкелді Қалиев пен Айнұр Нұрпейісованың денсаулығына ауыр зиян келген. Гүлнар Қалиеваның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келсе, жедел жәрдем фельдшері Ділназ Байзақова жеңіл жарақат алған.

Ең ауыр зардап жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанға келді. Ол оқиға орнына зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін келген. Көмек көрсету барысында қасбеттің кейбір бөліктері қайта құлап, фельдшер ауыр бас-ми жарақатын алған.

– Ұлдана Мырзуан алған дене жарақаттары денсаулыққа ауыр зиян келтіру ретінде бағаланды және оның өліміне тікелей себеп болған. Дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсеткенімен, ол медициналық мекемеде есін жимастан қайтыс болды, – деді Саяжан Серікова.

Айыптау тарапы С.Жұбаниязованың әрекетсіздігі мен оның салдарынан болған зардаптар арасында себеп-салдарлық байланыс бар деп есептейді. Яғни прокурор қасбеттің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасалмағанын, апат қаупі бар учаскелерді анықтау үшін қажетті шаралар қабылданбағанын, сондай-ақ тиісті тексерулер мен жөндеу жұмыстарын жүргізілмегенін атап өтті.

Осыған байланысты Сауле Жұбаниязоваға ұйымдағы басқару функцияларын атқаратын тұлғаның өз міндеттеріне немқұрайлы әрі салғырт қарауы салдарынан оларды тиісінше орындамағаны, салдарынан адам өліміне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққаны бойынша айып тағылып отыр.

Айта кетейік, келесі сот отырысы 20 тамыз күні сағат 10:00-де өтеді.

Сот Әділет Зейнелдің жәбірленуші болудан бас тарту жайлы өтінішін қанағаттандырмады.