Оның «Ақпен бірге» әні Португалияның радиосында шырқалды. Ғалымжан Молданазардың әлеуметтік желідегі парақшаларында кеше түнде жаңа видео жүктелді. Ол видеоны әншіге Португалиядағы радио қызметкерлері жіберген.
2013 жылы жазып, клипін түсірген «Ақпен бірге» атты әнін Португалия жұртшылығы өте жылы қабылдапты.
«Ғалымжанның «Ақпен бірге» әні Португалия радиосына тап болды. Ғалымжанды сүйіп тыңдайтын бір қыз Португалияда, Лиссабонда тұрады. Оның жолдасы - Португалия азаматы. Сол жігіттің досы радиода жұмыс істейді. Ол радиода «Халықаралық хит» деген айдар бар, сол жанкүйер қыз радиодағы достарына Ғалымжанның әнін тыңдатыпты. Ән қатты ұнаса керек, олар бірден эфирге шығарған. Яғни, бұл өте кездейсоқ жайт болды. Португалия радиосына шықсақ екен деп, әдейі ешкімге ән жіберген жоқпыз. Кейін Португалиядан бізге осы видеоны жіберді», - дейді Ғалымжанның ресми өкілі Еркебұлан.
Қызылордада туып, Алматыда өнерін өз бетімен шыңдаған Ғалымжан әндерінің сөзін де, әуенін де өзі жазады. Әрі әр әнін ерекше стильмен әрлеп, кез келген жастың тыңдарманын баурап алады. Аға буын оның клиптеріндегі өткен ғасырдың белгілерін көріп, ностальгияға бастап, қазіргі жастар оның әуенін, оның пафостан мүлде ада өлең шумақтары үшін жақсы көреді.