Қазақ даласында карантин қалай енгізілген

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазір карантин қауіпті індеттен қорғанудың бір заманауи жолы сияқты естіледі. Алайда бұл әдіс қазақ даласы үшін таңсық болмаған. Көшпенділер індеттен қорғану үшін науқастарды оқшаулауға, елді мекендер арасындағы байланысты шектеуге тырысқан. Тарихшы Азамат Бекболатұлы Kazinform тілшісіне қазақ даласында карантинге ұқсас қандай шаралар болғанын және олардың уақыт өте қалай өзгергенін айтып берді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

Еуразияның орталығында орналасқан Ұлы дала ежелден түрлі халықтар мен мәдениеттер тоғысқан аймақ болды. Біздің заманымызға дейінгі II ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолы Қытайды Орталық Азиямен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстырды. Бұл кезде сауда-саттықпен бірге мәдениет, түрлі діни түсініктер таралғанымен, жұқпалы аурулардың да бір өңірден екінші өңірге жетуіне жағдай жасады.

Сақтар мен ғұндардың аурудан қорғануы

Тарихшының айтуынша, қазақ жеріндегі ежелгі індеттер мен олардан қорғану тәсілдері туралы нақты жазба деректер аз. Сондықтан сақтар мен ғұндар дәуірінде қандай аурудың қай жылы таралғанын немесе карантиннің қашан енгізілгенін дәл айту қиын. Дегенмен көне жазбаларда көшпенділердің сырттан келген адамдарға сақтықпен қарағаны туралы мәліметтер кездеседі.

— Сақтар мен ғұндар соғыста қолға түскен, тұтқынға алынған адамдарды өз ауылынан бірнеше шақырым алыс ұстап, екі аптадай бақылаған. Осылайша адамның қандай да бір дертпен шалдыққаны немесе ауруы барын тексереді екен. Бұл деректер Қытай жазбаларында кездеседі. Көшпелілер ауру жұқтыру қаупіне мән бергенін аңғара аламыз, — деді Азамат Бекболатұлы.

Фото Азамат Бекболатұлының жеке архивінен

Көшпелі халық Юстининиан обасынан карантин арқылы қорғанған

Маман VI ғасырда болған Юстиниан обасына тоқталды. Юстиниан обасы — адамзат тарихындағы бүкіл әлемге жайылған алғашқы ірі бубон обасы пандемиясы. Бұл індет Византия императоры I Юстинианның билігі тұсында басталғандықтан, соның құрметіне аталған. Індет Эфиопия мен Мысырдан бастау алып, астық таситын кемелер арқылы Константинопольге және Еуропаға, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға таралды.

Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

Тарихшының сөзінше, сол кезде Түрік қағанаты аумағында карантиндік шаралар қабылданған. 

— Егер керуен жолының бойындағы қалада немесе ауылда ауру шыққаны туралы хабар болса, шекараны жауып, қарауылдар қойған. Сол елді мекеннен шығатын адамдар мен керуендерді оқшаулаған. «Соқыр сауда» әдісі арқылы сауда-саттық жүзеге асқан. Тауарды белгілі бір жерге қалдырады. Ал екінші тарап оны алып, орнына ақшасын немесе басқа тауарын қойған. Осылайша, адамдардың тікелей байланысын барынша шектеуге тырысқан, — дейді сарапшы.

Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

Тарихшының пікірінше, көшпенділердің өмір салты індеттің таралуын шектеуге белгілі бір дәрежеде мүмкіндік берген. Егер бір отбасыда немесе ауылда ауру байқалса, науқастарды өзгелерден бөлек ұстауға тырысқан. Сол себепті көшпенділер Еуропадағы отырықшы халықтардан салыстырғанда аз шығынға ұшырағанын айтады.

Қазақ хандығындағы «қара ту»

Індеттен сақтану тек адамдарды оқшаулаумен шектелмеген. Тарихшының айтуынша, Қазақ хандығы кезеңінде арнайы белгі қою тәжірибесі болған.

Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

Індет шыққан елді мекенге қара жалаулар тігілген. Жолай өткен керуеншілер мен жолаушылар сол белгіні көріп, қауіпті аумаққа кірмей, басқа бағытпен жүруге тырысқан.

— Қара жалау ауылда жұқпалы ауру таралып жатқанын білдірген. Сырттан келе жатқан жолаушы немесе керуен осы белгіні көргенде, ол жерге бармай, айналып өтуге тиіс болған. Сондай-ақ бұл ауылдан қандай да бір затты алуға тыйым салынған, — дейді тарихшы.

Жаназа рәсіміне де шектеулер қойылған

Індет адамдардың күнделікті тұрмысына ғана емес, жерлеу рәсімдері мен туыстық байланыстарға да әсер еткен. Қазақ дәстүрінде марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға көп адамның қатысуы қалыпты жағдай еді. Алайда кейбір кезеңдерде жерлеуге қатысатын адамдардың санын шектеуге тырысқан.

Халел Досмұхамедұлы карантиндік шараны ауыл өміріне бейімдеді

XX ғасырда жұқпалы аурулармен күрес мәселесі жаңа сипат алды. Ресей империясы мен кейінгі кеңестік кезеңде медициналық мекемелер мен карантин шаралары кеңінен енгізіле бастады. Бірақ сырттан келген медициналық тәсілдер жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дәстүріне әрдайым сәйкес келе бермеді.

Фото: Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының мұрағаты

Халел Досмұхамедұлы осы қайшылықты шешуге тырысқан. Маманның айтуынша, дәрігер әрі ағартушы халықтың тұрмысын ескере отырып, аурудың таралуын шектеудің тиімді жолдарын көрсеткен.

— Бұрын ауылдарды тұтас оқшаулауға тырысқан кезде халық қарсылық көрсетіп, кейбірі қашып кететін. Сол себепті Халел Досмұхамедұлы алдымен ауыл ақсақалдарымен, билерімен және басшыларымен сөйлесіп, адамдарды өз еркімен оқшаулануға шақырған. Киіз үйлердің арасындағы қашықтықты ұлғайтуға да мән берген, — деді маман.

Тарихшының айтуынша, марқұмды жуындыру кезінде арнайы қорғаныш киімдерін пайдалану сияқты тәсілдер ұсынылған.

Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа
Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

1918 жылы Досмұхамедұлы «Қырғыз халқы арасында обамен қалай күресуге болады» атты кітабын жариялады. Кітапта барлық науқас және ауру жұқтыруы мүмкін адамдарды анықталып, оқшаулағаннан кейін сыртында қарулы күзетшілер болғаны жазылған.

Індет тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді

Тарихшы қазақ даласындағы індеттер тарихын тек XIX–XX ғасырлармен шектемей, одан да ертерек кезеңдерге назар аудару қажет деп санайды. Оның пікірінше, Түрік қағанаты, Алтын Орда және одан бұрынғы дәуірлерге қатысты археологиялық әрі жазба деректерді кеңінен зерттеу маңызды.

— Қазақ даласында қазіргі мағынадағы карантин жүйесі бір мезетте қалыптасты деуге негіз жоқ. Барлық кезеңде науқастарды оқшаулау, ауру тараған ауылды белгілеу, керуендердің қозғалысын шектеу және адамдардың тікелей байланысын азайту сияқты тәсілдер көрініс табады, — деп қорытындылады ол.

Еске салайық, бұған дейін қазақ даласында өтірікшілерді қалай жазалағанын жазғанбыз.