Қазақ-француз музыканттары Ақтөбе сахнасында Ғазиза Жұбанованың шығармасын орындады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Жұбановтар әлемі мәдениет орталығында «Париж-Ақтөбе: Дебюссиден Жұбановқа дейін» атты концерт өтті. «Туған жер» жобасы аясында ұйымдастырылған концертте қазақ-француз музыканттары Ғазиза Жұбанованың шығармасын орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбеге бірегей музыканттар келді. Скрипкашы Юг Борсарелло, виолончелист Готье Эррман қазақстандық скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, альтисит Толқын Килібаева және пианиношы Гаухар Тасбергенова өнер көрсетті. Олар 1 сағаттан астам уақыт бойы Ж.Бизенің «Кармен», Г.Форенің «Пробуждение», Дебюссидің «Десушка с волосами цвета льна» және Ғазиза Жұбанова, Кенжебек Күмісбековтың шығарамасын орындады. Қазақстан-Франция арасындағы мәдени жаңғыру жоспарына сәйкес француз музыканттары ақтөбелік Ғазиза Жұбанованың шығармасын өз репертураларына алғаш рет қосып отыр.



«Француздар алғаш рет Жұбановтардың шығармасын орындады. Бұл Ақтөбе үшін өте маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астанаға келген музыканттарды Ақтөбеге шақырып, композитордың туған жерін көру ұсынысы жасалды. Олар келісім беріп, бүгін арнайы концерт берді. Жоба ақтөбелік музыканттар үшін де үлкен тәжірибе алаңы бола алады»,- деді Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Бір ерекшелігі, музыканттар XVII, XVIII және XIX ғасырлардың аспаптарында өнер көрсетті. Үні мен әуезі бөлек аспаптар ақтөбелік тыңдарманды таңқалдырды.



«Пианиношы Гаухар Тасбергенова жобаны ұйымдастырып, француз музыканттарын Қазақстанға шақыруды, бірлесе өнер көрсетуді ұсынды. Ал Қазақстандағы Франция елшілігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұсынылған мәдени жобаны қолдады. Концерт алдымен Астанада өтті. Кейін Ғазиза Жұбанованың туған жерінде өнер көрсетуге шешім қабылдадық. Жұбановтар әлемі орталығында арнайы музей бар және біз көп ақпарат алдық. Шындығында Жұбановтардың шығармасы Франция үшін белгісіз. Алдағы уақытта кең танынып, музыканттар өз репертуарларына енгізеді»,- деді Қазақстандағы Франция елшілігі, мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Гийом Касперски.
Концерт қазақ-француз өнерін дамытуға, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты жаңғыртуға бағытталған.



«Қазақстанға төртінші рет келдік. Астана, Алматы сахнасында өнер көрсетіп, қазақстандық музыканттардың ұсынысымен ұйымдастырылған концерт аясында француз, қазақ шығармалары орындалды. Бұл біз үшін жаңа бағыт, жаңалық болды. Біз үшін Ғазиза Жұбанова мен Кенжебек Күмісбековтың шығармасы ұнады. Шығармаларды алдағы уақытта өз репертуарымызға енгізіп, Франциядағы, өзге елдердегі концерттерді орындаймыз»,- деді виолончелист Готье Эррман.

Айта кетейік, концерт Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы, «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығы мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қолдауымен ұйымдастырылды.