— VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — бауырлас халықтарды ортақ тарихы, дәстүрі мен ұлттық спорты арқылы жақындастыратын ерекше халықаралық дода. Осы дүбірлі дода аясында Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетіне қарасты Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт агенттігінің директоры Урмат Асанбаевпен кездесіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жұмысымызды қорытындыладық, — делінген хабарламада.
Ведомство басшысы кездесуде Урмат Асанбаевқа құрмет көрсетіп, садақ сыйға тартқанын айтқан.
— Садақ — көшпенділердің бай мұрасы мен халқымызға ортақ дәстүрдің символы. Қазақ пен қырғыз — тарихы тамырлас, рухы бір, салт-дәстүрі сабақтас бауырлас халықтар. Осындай халықаралық жарыстар екі елдің спортшылары мен спорт саласының мамандарын жақындастырып, достық байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі. Қырғызстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтті. Қырғыз ағайындарға қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін алғыс айтамын, — деді Ербол Мырзабосынов.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жалпыкомандалық есепте бірінші орынмен аяқтады.
Байрақты доданың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады.
Ербол Мырзабосынов Қазақстанда ұлттық спортты олимпиадалық спортпен теңестіруге басымдық берілетінін айтты.