Қазақ қызы Салтанат Меденова Ресейдің үздік боксшысы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәскеу қаласында әйелдер арасында өткен ХХVІІІ Ресей чемпионатында омбылық қазақ қызы Салтанат Меденова жеңімпаз атанды.

Фото: Анастасия Здорик

Салтанат 81 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Ол финалда өзінің басты қарсыласы, Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері, әйелдер арасында әлем чемпионы, Краснодар өлкесінің өкілі Анастасия Демурчянды 5:0 есебімен ұтты. 

Салтанат Меденова сонымен қатар турнирдің үздік боксшысы атанды. 

С.Меденова осымен Ресей чемпионаттарында бесінші рет топ жарды.

Мәскеудегі біріншілік жеңімпаздары 1,5 млн рубль көлемінде сыйақыға ие болды.

Тағы бір қазақ қызы, новосібірлік Алмагүл Мамраева 50 келіге дейінгі салмақта қола жүлдені жеңіп алды. 

Салтанат Меденова осы жеңісіне үлес қосқан бапкерлері Татьяна Макарова мен Сергей Земцов және барлық жақын туыстарына, жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді.

Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері С.Меденова осыдан бір жыл бұрын әлем чемпионы атанған еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын омбылық қазақ қызы Салтанат Меденова бокстан әлем чемпионы болғанын жазған едік.