Қазақ спортының қос алыбы ұлықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық музейде қазақ спортының көрнекті тұлғалары Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығы мен Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығына арналған «Ұлт намысын ұлықтаған қос алып» атты дөңгелек үстел өтті.

Видеодан алынған кадр

Іс-шараның мақсаты — қос чемпионның өмір жолы мен спорттағы жетістіктерін насихаттап, олардың қайсарлығы мен табандылығын жас ұрпаққа үлгі ету. Басқосуға спорт ардагерлері, журналистер, жаттықтырушылар, білім беру ұйымдарының өкілдері мен жас спортшылар қатысты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист-жазушы Несіп Жүнісбайұлы қос тұлғаның ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

Видеодан алынған кадр

— Қажекең қазақ даласының батыры деген атақ алса, Жақсылық Үшкемпіров Қазақстанның еңбек ері деген атақ алды. Екеуі де өз елінің ең үлкен атағын алған адамдар. Олардың спорттағы ғана емес, тарихтағы ізі мәңгілік өшпейтіндей болып қалады деп ойлаймын. Бүгінгі кештің жас ұрпаққа пайдасы да осында жатыр, — деді ол.

Жиында қос чемпионның спорттағы жетістіктері ғана емес, олардың елге деген құрметі, қайсар мінезі мен табандылығы да сөз болды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық пен батылдық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Шараға қатысқан жас спортшылар да аңыз тұлғалардың өнегесін өздеріне үлгі тұтатынын айтты. Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт мектебінің оқушысы Дияр Аманәлі қос чемпионның жолын жалғастырып, болашақта әлемдік деңгейде жетістікке жетуді мақсат етеді.

Видеодан алынған кадр

— Бүгінгі іс-шарада Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Жақсылық Үшкемпіров аталарымыздың еңбек жолын айтып жатыр. Оларға қарап мен де үлгі аламын. Олар сияқты болашақта чемпион болғым келеді. Биыл Баку қаласында өткен жарыста жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атандым. Алдағы мақсатым — әлем чемпионы болу, — деді жас спортшы.

Видеодан алынған кадр

 

Дөңгелек үстел аясында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мектеп-интернат-колледж музейінің қорынан қос тұлғаның өмірі мен спорттық жолына қатысты фотоматериалдар, құжат көшірмелері мен кітаптар қойылды. Сонымен қатар студенттердің спорт саласындағы жетістіктерін таныстыратын көрме ұсынылды.

Іс-шара Ұлттық музейдің Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің «Қызықты этнография» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Бұған дейін Қажымұқан Мұңайтпасұлының Омбыда тұратын ұрпақтары туралы жазған едік.