НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Бейбіт Жукаев жұптық сында Мысырдағы Шарм-Әл-Шейхте өткен ITF World Tennis Tour M25 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында Ақтау қаласының түлегі Б.Жукаев ресейлік Алибек Качмазовпен бірге доданың 2-ракеткалары, қытайлық тайбэйлік Ю Хсю – аустриялық Нил Оберйтнермен кездесті.
Қазақстандық-ресейлік жұп 1:6, 7:6, 10:5 есебімен жеңіске жетті.
Бұл – Бейбіттің осындай деңгейдегі жарыстағы екінші жүлдесі. Өткен жылы елордада M25 турнирінде тағы бір ресейлік Андрей Кузнецовпен бірге үздік шыққан еді.
Мысырда жекелей сында Б.Жукаев жартылай финалға дейін жетіп, жарыстың 1-ракеткасы, чехиялық Лукаш Росолға есе жіберді – 3:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монпелье турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).