Бұл туралы ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.
Олимпиаданың негізгі мақсаты қазақ диаспорасы балаларының ана тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша танымдық қабілетін дамыту, әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыстарына ықпал ету, қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру, мәдениетінің деңгейін көтеру және еліміздің тарихына, Қазақстанның қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру болып табылады.
Олимпиадаға Германия, Австрия, Голландия, Венгрия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Моңғолия, Қытай, Ресей Федерациясының Мәскеу, Омбы және Алтай өлкесі құрама командалары келеді деп күтілуде.
Халықаралық олимпиада шеңберінде отандастарымыздың «Нұр Отан», халықтық партиясы «Жас Отан» жастар қанатымен, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары ақын-жазушылармен кездесу, Қазақ драма театрының спектаклін тамашалау және тарихи ескерткіштерге саяхаттар жасау жоспарланған.
Олимпиаданың жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдармен, грамоталармен марапатталады.
Олимпиаданың ашылуы 2013 жылғы 25 маусымда сағат 11.00-де, жабылуы 2013 жылдың 28 маусымында сағат 11.30-да Қазақ Ұлттық өнер университетінің концерт залында өтеді.