Қазақ тіліндегі оқулықтарда қателер өріп жүр - ҚР БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі тақырыбындағы кеңейтілген отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оқулықтардағы кемшіліктерді атады.

«Соңғы үш жылда 4 мың оқу әдебиетіне білім беру ұйымдарында қолдануға рұқсат берілді. Оның ішінде 2 372-сі қазақ тіліндегі кітаптар»,-деді министр.

Қазақ тіліндегі оқулықтардағы негізгі кемшіліктерге тоқталған А. Сәрінжіпов, мәтіннің, теориялық материалдардың басым болуы, оқулық мазмұнының оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталмауы, иллюстрациялар сапасының төмендігі секілді мәселелерді атап өтті. Сонымен қатар оқулықтар ғылыми терминдердің берілуінде бірізділіктің сақталмауы, мәтіндердің күрделілігі, оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес келмеуі, орыс тіліндегі сөздердің аудармасыз берілуі немесе дұрыс аударылмауы, қазақтың көнерген сөздерінің дұрыс қолданылмауы, жалпы сөйлемнің дұрыс құрылмауы секілді кемшіліктер байқалған.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта жаңа типті оқулықтарға қойылатын талаптардың жобасы жасалған.