Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Азамат Жолмановқа 2021 жылы мемлекеттік қызметке орналасуға ниетті кандидат қазақ тілін міндетті түрде меңгеруі керек деген бастама көтерілгенін еске салып, қазір мұндай талаптың бар-жоғын сұрады.
«Шынымен де, 2021 жылы заң жобасында осындай мәселелер қарастырылған болатын. Талқылау кезінде осы норманың кейбір азаматтардың құқығын шектейтіні анықталды. Конституцияға сәйкес, мемлекеттік қызметке кірерде ешкімке діні, тілі, ұлты арқылы дискриминация жасауға болмайды. Сондықтан біз бұл мәселені алып тастадық. Алайда, Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезінде В1 деңгейінен төмен меңгерген кандидаттар жіберілмейді. Сонымен қатар академияға түсетін мемлекеттік қызметшілер де қазақ тілін білуі тиіс», - деді Азамат Жолманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Қоса кетейік, биыл мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтірген 92 маман жауапқа тартылды. Ал жалпы 9 айдың қорытындысы бойынша әдеп кеңестерінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты 300-ден астам тәртіптік іс қаралған.