Қазақ ветеринария институтының жер учаскесі өз меншігінде қалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтының Алматы әкімдігі алмақ болған жер учаскесі өзінде қалатын болды. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімдігі Райымбек даңғылын жаңғырту жобасының өзгеруіне байланысты бұған дейін «Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтының» алып қою жоспарланған жер учаскесін (ауданы 0,0188 гектар) бұзылатын аумақтан шығару туралы шешім қабылдады. Әкімдіктің тиісті қаулысы келісу сатысында тұр, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының мәліметінше, 2025 жылы Бас прокуратура аталған институттың жер учаскелерін иеліктен шығару және жекешелендіру фактілері бойынша тексеру жүргізген.
— Нәтижесінде әкімдіктің жерді, оның ішінде тұрғын үй құрылысына алып қою фактілері расталған жоқ. Мұның үстіне Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтының бастапқыда 40 гектар аумағы болғанын растайтын мұрағат материалдары табылмады. Сонымен қатар өзге жер учаскелерін (7,01 гектар) беру барысында заңдылықтың бұзылуы анықталған жоқ. Мұрағат материалдарын іздеу жалғасып жатыр, — деді Премьер-министр.
Бұған дейін «Ветеринария» мамандығындағы студенттердің стипендиясы өсуі мүмкін екенін жазған едік.