Қазақы қой тұқымдарын әлемге танымал етуге болады — ғалым

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстанда қой шаруашылығы саласын қазіргі заманауи жоғары талаптарға сәйкес дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Соның ішінде қазақы қой брендтерін әлемге танымал ету жайы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Осы орайда Kazinform тілшісі Аграрлық инновациялық-технологиялық паркінің директоры, PhD, қауымдастырылған профессор, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дархан Смағұловқа бірнеше сауал қойған еді.

Фото: Дархан Смағұловтың жеке архивінен

— Дархан Бақытбекұлы, Қазақстан Республикасында қой тұқымдарын асылдандыру бағыты бойынша қандай жұмыстарды қолға алу керек деп ойлайсыз?

— Ең алдымен қой шаруашылығы — қазақ халқының тарихи болмысы мен ұлттық дәстүрінің ажырамас бөлігі ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауылдық аумақтардың дамуына серпін беретін және экспорттық әлеуетті арттыратын стратегиялық сала екенін ескергеніміз жөн.

Қой шаруашылығындағы асылдандырудың басты мәселесі — тұқымдық ресурстарды тиімді пайдалану. Біріншіден, қолдағы өсірілетін отандық тұқымдардың генетикалық әлеуетін толық ашып, олардың биологиялық ерекшеліктерін жетілдіру мен өнімділік сапасын арттыру қажет.

Екіншіден, нарықтың заманауи талаптарына сай жаңа селекциялық жетістіктерді әрдайым қалыптастырып отыру маңызды. Бүгінгі нарық көп төлдегіш, тез жетілгіш, жоғары сапалы еті бар, азық тиімді жұмсалатын және климаттық өзгерістерге төзімді қойларды талап етеді. Сондықтан селекциялық жұмыстар тек тұқымдарды сақтауға ғана емес, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаңа жоғары өнімді генотиптерді қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Сонымен қатар селекциялық үрдістерді заманауи бағалау әдістеріне көшіру қажет. Қазіргі кезде шаруа қожалықтарында қойларды бағалау көбінесе сыртқы белгілерге негізделеді. Ал алдағы уақытта малдың шығу тегі, өнімділік көрсеткіштері және асылтұқымдық құндылығы туралы деректерді цифрландыру, сондай-ақ геномдық технологияларды селекциялық тәжірибеге кезең-кезеңмен енгізудің мәні зор.
Түпкі мақсатымыз — жергілікті қойлардың құнды генетикалық ресурстарын сақтай отырып, нарық сұранысына толық жауап беретін, жоғары өнімді және бәсекеге қабілетті отандық қой шаруашылығын қалыптастыру.

Фото: Дархан Смағұловтың жеке архивінен

— Реестрге тіркелмеген, сондай-ақ саны азайып бара жатқан қой тұқымдарының мәселесін қалай шешуге болады?

— Қазақстанда қой тұқымдарының бай генетикалық қоры қалыптасқан. Оның құрамына бірнеше ғасыр бойы халық селекциясы нәтижесінде шығарылған жергілікті аборигендік — қазақы қылшық жүнді құйрықты және еділбай тұқымдары кіреді. Оған қоса Кеңес дәуірінен бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде қазақы биязы жүнді, оңтүстік қазақ мериносы, қазақтың арқар мериносы, етті меринос, қазақы етті-жүнді, дегерес, ақжайық, қазақы ұяң жүнді құйрықты, сарыарқа, ордабасы, байсары тұқымдары шығарылған.

Бұдан бөлек, елімізде әлемнің көптеген мемлекеттерінде таралған қаракөл, цигай, гемпшир, романов секілді тұқымдар да өсіріледі. Сондай-ақ әртүрлі будандастыру бағыттарында шетелдік тұқымдардың аталық қошқарлары кеңінен қолданылуда. Әсіресе, дорпер, гиссар, суффольк, тексель, иль-де-франс, неміс меринолэнды, цвартблес, волгоград және арашан тұқымдарына қызығушылық жоғары.

Дегенмен еліміздегі 20 млн-ға жуық қойдың небәрі 17,5 пайызы ғана асыл тұқымды ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз, себебі тұқымды мал үлесі артқан сайын өнім көлемі де, оның сапасы да айтарлықтай жоғарылайды. Қазіргі асыл тұқымды құрылымда қылшық жүнді, әсіресе, етті-майлы бағыттағы құйрықты қой шаруашылығы басым. Мысалы, жалпы 3 336 282 асыл тұқымды қойдың 2 100 560 басы немесе 63 пайызы тек қазақы тұқымға тиесілі.

Соған қарамастан, соңғы жылдары кейбір тұқымдардың жойылу қаупі күшейіп отыр. Асыл тұқымды реестрге тіркелмеген немесе саны күрт азайып бара жатқан тұқымдардың қатарында солтүстік қазақ мериносы, қазақстан мериносы, қазақтың биязылау жүнді кроссбредті, қазақтың көп төлдегіш әрі тез жетілгіш және атыраулық елтірілі-етті-майлы қойлары бар. Мұндай тұқымдардың не себепті азайып бара жатқанын дұрыс түсіну қажет. Бұл тек өндірістегі зоотехнияның немесе ғылымдағы селекцияның мәселесі емес, ең алдымен нарық заңдылықтарының әсерінен қалыптасқан экономикалық жағдай.

Фото: Дархан Смағұловтың жеке архивінен

Әлемдегі көптеген қой тұқымдары тарихи тұрғыдан жүн, елтірі және басқа да арнайы өнімдер өндіру мақсатында шығарылған. Өткен ғасырда қой шаруашылығынан түсетін табыстың едәуір бөлігі жүн өнімдерінен қалыптасатын. Алайда шамамен соңғы 30 жылда жеңіл өнеркәсіпте қой жүнінің орнын өсімдік текті талшықтар мен синтетикалық материалдардың басуы нәтижесінде сұраныс күрт төмендеді.

Нәтижесінде шаруашылықтар нарықта сұранысы жоғары ет бағытындағы немесе етті-майлы тұқымдарға басымдық бере бастады. Ал жүн бағытындағы және экономикалық тартымдылығы төмендеген кейбір жергілікті тұқымдардың популяциясы біртіндеп азайып келеді.

Бұл мәселені шешу үшін аталмыш тұқымдардың қазіргі жағдайына ғылыми бағалау жүргізген дұрыс. Олардың генетикалық ерекшеліктерін, бейімделгіштік қабілеттерін және селекциялық құндылығын жан-жақты зерттеу керек. Кейбір тұқымдар бүгінгі нарық талабына толық сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ болашақта климаттық өзгерістерге төзімділігімен, ерекше өнімдік қасиеттерімен немесе жаңа селекциялық бағдарламалар үшін бағалы генетикалық қор ретінде маңызды рөл атқаруы ықтимал.

Сонымен қатар сирек кездесетін тұқымдарды сақтап отырған асыл тұқымды шаруашылықтарды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдірсе артық болмайды. Өйткені генетикалық әртүрлілікті сақтау — жекелеген шаруашылықтардың ғана емес, мемлекеттің де стратегиялық міндеті.

Ең бастысы, біз мұндай тұқымдарды тек сақтап қана қоймай, оларды заманауи нарық талаптарына бейімдеуіміз керек. Молекулярлық генетика, қолданбалы биотехнология және тәжірибелік селекция арқылы кез келген тұқымның өнімділігін арттырып, экономикалық тартымдылығын күшейткен жөн. Сонда ғана олардың сақталуы мен одан әрі дамуына нақты экономикалық негіз қалыптасады.

— Ғалым ретінде айтыңызшы, жергілікті қой тұқымдарын әлемге танымал етудің жолдары бар ма?

— Әрине, бар! Ең алдымен кез келген қой тұқымы әлемдік деңгейде өзінің бірегей қасиеттерімен бағаланады. Сондықтан біздің басты міндетіміз — жергілікті тұқымдардың бәсекелік артықшылықтарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, кеңінен таныту. Әлемде 1,5 мыңнан астам қой тұқымы бар, бірақ олардың санаулысы ғана халықаралық деңгейде танымал брендке айналған.

Қазақстандық қой тұқымдарының негізгі ерекшелігі — қатал табиғи-климаттық жағдайларға жоғары бейімділігі, жыл бойы жайылымдық жағдайда өнім бере алуы, түрлі жұқпалы ауруларға төзімділігі және салыстырмалы түрде төмен шығынмен сапалы өнім өндіру қабілеті. Бұл қасиеттер қазіргі жаһандық климаттық өзгерістер жағдайында көптеген ел үшін өте өзекті.

Мысалы, еділбай қойы — әлемдегі ең ірі тұқымдардың бірі. Ол дене бітімінің мықтылығымен, ірі тұлғасымен және жоғары тірілей салмағымен ерекшеленеді. Мұндай қасиеттер экстенсивті мал шаруашылығы дамыған көптеген мемлекеттер үшін үлкен қызығушылық тудырады. Ал арқар меринос — отандық селекцияның теңдессіз жетістігі. Бұл жабайы арқар мен меринос қойын будандастыру арқылы алынған дүние жүзіндегі алғашқы қой тұқымы. Оның генетикалық құрылымы және селекциялық құндылығы халықаралық деңгейде жоғары бағалануға лайық.

Дегерес қойы да ерекше тұқымдардың қатарына жатады. Оның басты артықшылығы — 2 типтегі биязылау және ұяң жүн өндіру қабілетін етті-майлы бағыттағы құйрықты қойларға тән өнімділікпен үйлестіре алуында.

Осы ерекшеліктерді әлемге таныту үшін халықаралық ғылыми жарияланымдарды көбейту, генетикалық зерттеулер жүргізу, халықаралық көрмелер мен аукциондарға қатысу маңызды. Сонымен қатар қазақстандық қой тұқымдарын ұлттық селекциялық бренд ретінде қалыптастыру қажет.

Тұқымды танытудың ең тиімді жолдарының бірі — экспорт. Егер біздің асыл тұқымды түлігіміз бен генетикалық материалымыз шетелдік нарықта сұранысқа ие болса, бұл оның сапасының ең жоғары бағасы болып саналады. Сондықтан экспорттық инфрақұрылымды дамыту, халықаралық ветеринариялық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету және қазақстандық тұқымдық ресурстарды сыртқы нарықтарға шығару маңызды.

Менің ойымша, жергілікті тұқымды әлемге танытудың ең тиімді жолы — оның атауын емес, артықшылығын экспорттау. Егер біз оның бейімділігін, өнімділігін және тиімділігін дәлелдей алсақ, онда қазақы қойлар халықаралық аренада өз орнын табады.

Фото: Дархан Смағұловтың жеке архивінен

— Қой шаруашылығы саласын цифрландыру, тың технологиялар енгізу жайына тоқталсаңыз?

— Бүгінде цифрландыру — қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі құралдардың бірі. Егер бұрын шаруашылықтағы шешімдер көбінесе бақылау мен тәжірибеге сүйеніп қабылданса, қазіргі уақытта нақты деректерге негізделген басқару жүйесіне көшу қажет.

Қой шаруашылығында цифрландыру ең алдымен мал басын дәл есепке алудан басталады. Электрондық сәйкестендіру жүйелері арқылы әрбір малдың шығу тегі, өнімділік көрсеткіштері және денсаулық жағдайы туралы ақпаратты жинақтауға болады. Бұл селекциялық жұмыстардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заманауи технологиялар жайылымдарды басқару мен тиімді пайдалануда үлкен рөл атқарады. Бүгінде геоақпараттық жүйелер — спутниктік мониторинг арқылы жайылымдардың жағдайын, өсімдік жамылғысын, ылғалдылық деңгейін және деградация қаупін бақылауға болады.

Қазіргі кезде әлемде Precision Livestock Farming деп аталатын бағыт қарқынды дамып келеді. Оның негізгі мақсаты — әрбір мал басын жеке бақылап, басқару. GPS құрылғылары, IoT датчиктері, Big Data және жасанды интеллект элементтері арқылы малдың қозғалыс белсенділігін, физиологиялық жағдайын және басқа құбылыстарын нақты уақыт режимінде бақылауға болады.

Біз де қазіргі уақытта қой шаруашылығында Smart Sheep Farming моделін дамыту бағытында ғылыми зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл модельде селекция, ветеринария, күтіп-бағу, азықтандыру, өнім өндіру және тауар өткізу процестері бірыңғай цифрлық платформада біріктіріледі.

Алайда цифрландырудың мақсаты технологияны енгізу ғана емес, әр қойдан алынатын өнім көлемін арттыру, өндірістік шығындарды азайту және шаруашылықтың экономикалық тиімділігін көтеру. Сондықтан болашақта қой шаруашылығы ғылымға, деректерге және цифрлық технологияларға негізделген жоғары өнімді экожүйеге айналуы тиіс.

Фото: Дархан Смағұловтың жеке архивінен

— Саланы жандандыру үшін жол картасын жүзеге асыруға бола ма?

— Менің ойымша, қой шаруашылығын дамыту бір реттік шаралармен емес, ұзақ мерзімді әрі жүйелі жол картасы арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Бірінші кезеңде саланың негізін күшейту қажет. Бұл бағытта қой тұқымдарын жетілдіру, генетикалық ресурстарды сақтау, асыл тұқымды мал үлесін арттыру, ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту және жайылымдарды тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық берілуі тиіс.

Екінші кезеңде өндірісті жаңғырту керек. Заманауи технологияларды енгізу, цифрландыруды дамыту, селекциялық үрдістерді автоматтандыру және шаруашылықтарды нақты деректер негізінде басқару жүйесіне көшіру маңызды. Бүгінде әлемдегі дамыған мемлекеттер мал шаруашылығын Precision Livestock және Smart Farming қағидаттары бойынша дамытуда.

Үшінші кезеңде өндірілген өнімнің қосылған құнын арттыруға басымдық берілуі қажет. Қазіргі кезде қой шаруашылығының әлсіз тұстарының бірі — шикізаттық бағыттың басымдығы. Сондықтан ет, жүн, тері және басқа да өнімдерді терең өңдеуді дамыту қажет. Сонымен қатар Organic, Halal және Eco Premium бағыттары еліміз үшін стратегиялық артықшылық береді. Өйткені әлемдік нарықта экологиялық таза, қауіпсіз және сертификатталған өнімдерге сұраныс жыл сайын артып келеді.

Төртінші кезеңде экспорттық әлеуетті күшейткен жөн. Ол үшін халықаралық стандарттарға сай өнім өндіру, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа нарықтарға шығу және қазақстандық қой өнімдерінің ұлттық брендтерін қалыптастыруға баса көңіл бөлген абзал.

Бұл бағыттардың барлығы ғылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Кезінде еліміздегі қой шаруашылығы ғылымының негізгі орталығы болған Қилыбай Медеубеков атындағы Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметін қайта қалпына келтіру — уақыт талабы. Себебі қой шаруашылығы сияқты стратегиялық саланың мамандандырылған ғылыми орталықсыз тиімді дамуы қиын.

Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін қабылданған бағдарламалар мен тұжырымдамалар тым қысқа мерзімге есептелді және мал шаруашылығының биологиялық ерекшеліктерін толық ескере алмады. Көп жағдайда бағдарламаның нақты қашан басталып, қандай нәтижеге қол жеткізіп, қалай аяқталғанын немесе не себепті тоқтап қалғанын бағалау қиын. Ал мал шаруашылығы, әсіресе, селекциялық-асылдандыру жұмыстары бірнеше жылдық кезеңмен емес, ұрпақтар сабақтастығымен бағаланады.

Сондықтан қой шаруашылығын дамытудың ұлттық стратегиясы кем дегенде 25-50 жылдық көкжиекпен жоспарлануы тиіс деп есептеймін. Өйткені бүгін қабылданған селекциялық шешімдердің нақты нәтижесі тек бірнеше буын ауысқаннан кейін ғана көрінеді. Біз келесі бес жылды емес, алдағы елу жылды ойлайтын деңгейге көтерілуіміз қажет.

— Әңгімеңізге рахмет. Ғылыми ізденістеріңізге сәттілік тілеймін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда қой шаруашылығын қалай дамытуға болатынын жазған едік
Сондай-ақ ғалым асыл тұқымды қой басын қалай сақтап қалуға болатыны жөнінде айтты.