Бұл туралы 19 желтоқсан күні Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» ақпарат желісінің екінші отырысында мәлім болды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бас редакторының орынбасары Қанат Тоқабаевтың мақаласы «Жібек жолы» (Silk Road Global News Awards) деген атпен алғаш рет беріліп отырған сыйлықтың «Комментарий» номинациясы бойынша үшінші орынға ие болды.
Қазылар алқасы ұйымдастыру комитетіне алты номинация бойынша келіп түскен 4 485 жұмыстың ішінен ақтық сынға лайықтарын іріктеген. Іріктеу қорытындысы бойынша, «Бір белдеу – Бір жол» ақпараттық желісі кеңесінің мүшелері онлайн дауыс беру арқылы қазақстандық басылымның жұмысы үшінші орынға лайық деп танылды.
Фото:russian.people.com.cn
«Бір белдеу – бір жол» бастамасы бүкіл әлем экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Тіпті пандемиядан кейінгі дамуды тежеп жатқан геосаяси қақтығыстар да бұл жобаға жаңа серпін бере алады. Менің ойымша, бұл әлемдік интеграцияның бағытын шығысқа қарай икемдеп, Азияның жаһандық бәсекелестіктегі орнын нығайта алады. Әрине, әлем қауымдастығы үлкен көршіміздің 2013 жылы Қазақстан астанасында жарияланған бастамасын мұқият қадағалап отыр. Қазақстанның әлемдік сауда маршруттарының жалпыға ортақ игіліктерге құрылуы мен жұмыс істеуіне қосқан үлесі де әлем назарында», - дейді «ҚазАқпарат» ХАА бас редакторының орынбасары Қанат Тоқабаев.
Сондай-ақ ол осындай бәсекесі биік әрі беделді конкурсқа қатысу өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтады.
«ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің аналитикалық материалы 2020 жылы бірден 3 тілде – қазақ, ағылшын және қытай тілдерінде жарияланған болатын.
Халықаралық коммуникациялар жөніндегі «Жібек жолы» (Silk Road Global News Awards) сыйлығын «Бір белдеу – бір жол» ақпарат желісі (BRNN) құрып, ұйымдастырып отыр. Сыйлық кеңесіне «Жэньминь жибао» танымал әлемдік басылым редакциясының басшылығы төрағалық етеді.
Сыйлықтың мақсаты – «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін біріктіріп, тәжірибе алмасу.
Фото:kmc.exim.go.th
«Тыңғылықты репортаж» номинациясы бойынша Ұлыбританияның өкілі Крис Райт Қазақстандағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығына арналған материалмен үздік атанды. Угандалық Мүбарак Мугабо «Комментарий» номинациясында бірінші орын иеленді. Ресей өкілі Светлана Тарасова «Баспасөзге арналған ең жақсы фото» санатында жеңіске жетті. «Баспасөзге арналған үздік видео» номинациясында жеңісті NGC Network Asia, сондай-ақ CGTN және RTS ресурстары өзара бөлісті.
«COVID-19-ға қарсы күрес» тақырыбындағы қысқа роликтер арасында жеңіс Кения мен Мьянманың өкілдеріне берілді.
«Ерекше еңбегі үшін» номинациясында «Жібек жолы достары» клубының басшысы, Пәкістан – Қытай институтының төрағасы, Пәкістан Сенаты Қорғаныс комитетінің төрағасы, сондай-ақ, Бейбітшіліктің бес қағидасы» сыйлығының иегері Мушахид Хуссейн Сайед жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, «ҚР Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ Қазақстанның ең ірі медиа-компанияларының бірі болып саналады. Оның құрамына: «Jibek Joly» телеарнасының ұлттық және халықаралық редакциясы, Қазақстандағы ең тарихы бай «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді. «ҚазАқпарат» ХАА «Бір белдеу – бір жол» ақпарат желісінің (BRNN) мүшесі болып есептеледі.
«Бір белдеу, бір жол» ақпарат желісі (BRNN) Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен 2017 жылдың мамырында құрылды. 2022 жылғы маусымда 99 елдің БАҚ саласындағы 213 ұйымы «Бір белдеу, бір жол» ақпараттық желісінің мүшелері болып тіркелді.