Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстандағы білім беру ісін сыни тұрғыдан ойлау» атты бейресми конференцияда ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сарінжіпов айтты.
Оның мәліметінше, PISA деп аталатын халықаралық зерттеуге негізінен дамыған мемлекеттер қатысады. Бұл зерттеуге Қазақстан осымен екінші рет қатысып отырған көрінеді.
«Бұл зерттеу балалардың өз білімін өмірде қолдана білу деңгейін өлшейді. Ол ҰБТ сияқты мектеп білімін емес, күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға байланысты балалардың шешім қабылдай білу қабілетін зерттейді», - деп атап өтті министр.
Министрдің айтуынша, әр елдің нәтижесі экономикалық даму көрсеткіштеріне сай келеді.
«Елдің PISA-дағы көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, ел де соғұрлым жақсы дамиды. Бұл дәлелденген нәтиже. Зерттеуге қатысқан 8 сынып оқушыларының көрсеткіші бойынша Қазақстан математикада 49-орын, жаратылыстану бойынша 52-орын, оқу бойынша 60-орын алған. Бұл жаман көрсеткіш емес. Өйткені зерттеуге қатысқан 65 елдің ішінде 50-орынға ие болып отырмыз», - деп атап өтті министр.