Қазақстан әлемдік гастрономиялық рейтингтер картасына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы Gault& Millau гастрономиялық гидін әзірлеу бойынша ресми келісімшартқа қол қойды, ал Астана ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Жоба «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бастамасымен жүзеге асып, үш жылдық келіссөздердің нәтижесіне айналды.

Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

— Gault& Millau Michelin және World’s 50 Best Restaurants-пен қатар әлемдегі ең беделді гастрономиялық рейтингтердің үштігіне кіреді. Бүгінде гид әлемнің 21 елінде ұсынылған және 16 000-нан астам мейрамхананы қамтиды, — деп хабарлады «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Gault& Millau халықаралық тәуелсіз инспекторлары Қазақстандағы мейрамханалар мен қонақүйлерге анонимді бағалау жүргізеді. Үздік мекемелер бірден беске дейінгі «toques» — аспаз қалпақтары жүйесі бойынша рейтинг алады. Инспекция нәтижесінде ағылшын тіліндегі баспа гиді жарық көреді, цифрлық платформа іске қосылып, үздік аспаздар, кондитерлер және hospitality индустриясының өкілдерін марапаттау рәсімі өтеді.

Бұған дейін Қазақстан Global Firepower әскери қуат рейтингінде 58-орында тұрғанын жаздық.