Қазақстан әлемнің 15 елімен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасаған

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан әлемнің 15 елімен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасаған. Бұл туралы Құрылтай отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев айтты.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгін Құрылтай отырысында депутат Серік Егізбаев министр орынбасарынан: «Қазақстан сыртқы саясатта көпвекторлықты ұстана отырып, түрлі мемлекеттермен әскери ынтымақтастықты дамытады. Осы орайда қазір қаралып жатқан Сербия мемлекетімен ынтымақтастықтың әскери-техникалық саладағы басқа серіктес елдермен өзара іс-қимыл жасаудың қолданыстағы тетіктерінен ерекшелігі неде?», — деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген министр орынбасары бүгінгі таңда елімізде 15-тен астам басқа шет мемлекеттермен осындай әскери ынтымақтастық жөніндегі келісімшарттар бар екенін айтты.

— Бүгінгі ұсынылып отырған заң жобасындағы Сербия мемлекетімен әскери-техникалық ынтымақтастық осыған дейінгі болған келісімшарттардан өзгешелігі жоқ. Өткізу, іс-қимыл солармен бірдей болады және ішкі заңнамамызға, елімізге ешқандай нұқсан келтірмейді, — деді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Бұған дейін «Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын жазған едік.