Қазақстан әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру үшін бес елдің тәжірибесін зерттеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру үшін бірқатар мемлекеттің тәжірибесі зерделенді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Министрліктің хабарлауынша, шетелдік тәжірибені зерттеу барысында отбасылардың әлеуметтік жағдайын кешенді бағалау тәсілдеріне ерекше назар аударылған.

– Атап айтқанда, Италия, Германия, Канада, Аустралия және Финляндияның тәжірибелерін зерттедік. Мұнда отбасының табысы ғана емес, күнделікті шығыстары мен мүліктік жағдайын бірге қарастыру мәселелері зерделенген. Сонымен қатар әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жұмыспен қамту шараларымен ұштастыру тәжірибесіне де көңіл бөлінді, - делінген ведомство жауабында.

Бұл тәсілдер әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың жағдайын жан-жақты бағалау мәселелерін қамтиды.

Министрлік аталған бес мемлекеттің тәжірибесі атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру аясында зерттелгенін хабарлады.

Айта кетейік, Ал 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 41 252 отбасындағы 222 312 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.