Қазақстанда АӘК алушылар саны бес жылда 70%-ға азайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы бес жылда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар саны 70,4 пайызға қысқарды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

АӘК
Фото: Астана әкімдігі

Министрліктің мәліметінше, 2021 жылы 198,4 мың отбасындағы 990,5 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 728,7 мың адамға, 2023 жылы 598,4 мың адамға дейін төмендеген.

— 2024 жылы 413,7 мың адамды құраса, 2025 жылы 54,4 мың отбасындағы 292,7 мың адамға дейін азайған. Осылайша, 2021-2025 жылдар аралығында әлеуметтік көмек алушылар саны 70,4%-ға, ал оны алатын отбасылар саны 72,6%-ға қысқарған, — делінген жауапта.

Ал 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 41 252 отбасындағы 222 312 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, әлеуметтік көмек алушылардың басым бөлігін балалар құрайды. Атап айтқанда, олардың 152 154-і немесе 68,4 пайызы — 18 жасқа дейінгі балалар.

— Сонымен қатар АӘК алушылар арасында өтініш берген кезде жұмысы бар 28 045 азамат тіркелген. Бұл жалпы алушылардың 12,6 пайызына тең. Ал зейнеткерлердің саны 505 адамды немесе 0,2 пайызды құрайды. Әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың 21 864-і — көпбалалы отбасылар. Олардың үлесі 53 пайызға жетті, — делінген ведомство жауабында.

Министрлік бұл көрсеткіштер атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамын сипаттайтынын атап өтті.

Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы өңірде белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға тағайындалады. Оның мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы негізінде әрбір отбасы мүшесіне есептеледі.

Бұған дейін АӘК алатын отбасыларға жұмыс табуға да мүмкіндік берілетінін жазғанбыз.