Қазақстан алюминий мен мыс өңдеу көлемін екі есе арттырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елдегі өңдеу өнеркәсібінің жағдайына қатысты түсінік берді.

Фото: invest.gov.kz

— 2024 жылдан бастап, үш жыл қатарынан өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі, тау-кен саласынан жоғары болып отыр. Соңғы үш жылда өндіріс көлемі 14,5% өсті. Салаға тартылған инвестиция көлемі екі есе артып, 3 триллион теңге болды. Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсті. Айта кету керек, бұл соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, — деді Ерсайын Нағаспаев. Құрылтайда «Өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу туралы» тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде металлургия көлемі 40%-ды құрайды. Бүгінде бұл салада 109 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр, яғни саланың экономикадағы үлесімен қатар, халықты жұмыспен қамтудағы рөлі де ерекше.

— Сондықтан алдағы басты міндеттердің бірі — елімізде терең өңдеуді арттырып, дайын өнім өндірісін дамыту. Осы міндетті іске асыру үшін 2021 жылдан бастап «Өнеркәсіп саясаты» заңы аясында отандық өңдеуші кәсіпорындарға шикізатты жеңілдетілген бағамен сатып алу мүмкіндігін беретін арнайы тетік енгізілді. Оған сәйкес, ірі металлургиялық кәсіпорындар алдымен отандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз етіп, содан кейін ғана шикізатты экспортқа шығара алады. Бүгінде бұл тетік мыс, алюминий және мырыш сияқты бірқатар металға қолданылады. Олар отандық өңдеушілерге нарықтық бағадан 5%-ға дейін төмен бағамен сатылады. Соның нәтижесінде өндіруші және өңдеуші кәсіпорындар арасында 30 келісім және мыс катанкасын жеткізу бойынша 15 сауда келісімшарты жасалды. Осының арқасында Алматы қаласында радиатор, Шымкент қаласында профиль, Жетісу облысында заманауи аккумулятор, ал Саран қаласында металл бұйымдарын мырыштау өндірісі іске қосылды. Жалпы, 2029 жылдың соңына қарай елімізде мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есеге, ал қорғасын өңдеу көлемін 14%-ға арттыру жоспарланып отыр, — деді министр.

Бұған дейін Құрылтайда импортқа тәуелділікті азайтудың тетіктері ұсынылғанын жазған едік.

Сонымен қатар Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева отандық өніммен қамтамасыз етуде қандай кемшіліктер бар екенін атады.