Ведомство мәліметінше, әуежайларда құстарды бақылау арнайы бекітілген бағдарламаларға сәйкес жүргізіледі. Мамандар құстардың көп шоғырланатын орындарын анықтап, оларды тартуы мүмкін нысандарға назар аударады.
– Әуеайлақтарды пайдаланушы ұйымдар әуежай аумағы мен оған іргелес жерлерді тұрақты түрде тексереді. Қажет болған жағдайда құстардың шоғырлануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылданады. Құстарды үркіту тәсілі олардың түріне, мінез-құлқына, санына және жыл мезгіліне қарай таңдалады. Сонымен қатар нақты қауіп деңгейі де ескеріледі, – делінген Авиациялық әкімшіліктің жауабында.
Көктемгі және күзгі құстардың қоныс аудару кезеңінде бақылау күшейтіледі. Бұл уақытта әуежай аумағын патрульдеу жиілеп, құстарды үркіту шаралары белсендірек жүргізіледі.
Мәселен, Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында құстарды үркіту үшін газ зеңбіректері, стационарлық және автокөліктерге орнатылған биоакустикалық жүйелер, механикалық құралдар, қол лазерлері, дыбыстық және пиротехникалық құрылғылар пайдаланылады.
Әуежай мәліметінше, қажет болған жағдайда бірнеше тәсіл қатар қолданылады. Құстар белгілі бір дыбысқа немесе құрылғыға үйреніп кетпеуі үшін мамандар үркіту әдістерін алмастырып отырады.
Авиациялық әкімшілік өкілдерінің түсіндіруінше, мұндай шаралардың басты мақсаты – әуеайлақ аумағында құстардың шоғырлануына жол бермеу және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ұшақтар көбінесе шағала, қарға, кептер және жыртқыш құстармен соқтығысатыны хабарланған болатын. Әсіресе көктемгі және күзгі көші-қон кезеңдерінде мұндай қауіп артады.