Қазақстан ауғандықтарды құқық қорғау қызметіне оқытады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Ауғанстан Президентінің кеңесшісі, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңестің басшысы Ханиф Атмармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.

ІІМ-де өткен кездесуде Қ.Қасымов шетелдік мейманға еліміздегі ішкі істер органдары жүйесі туралы әңгімеледі. Министр өз сөзінде қазақстандық полиция қызметінің басым бағыттарының бірі - есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл екенін атап өтті. Бұл бағыттағы міндеттер шетелдік әріптестермен екіжақты, тіпті кейде бірнеше тараппен бірлесіп атқарылады.

ҚР ІІМ Ауғанстандағы есірткіге қарсы күресті күшейту шараларын қолдау жөніндегі халықаралық жобаларға белсенеді қатысады. Кездесу барысында бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ.

Мемлекеттер арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде ҚР ІІМ Қарағанды академиясында «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша 73 ауған азаматын оқыту қарастырылған, оның 26-сы Академияны тәмамдап үлгерді.

Ауғанстанмен арадағы өзара ынтымақтастық халықты азаматтық қорғау саласында да іске асырылуда. Қазіргі уақытта бұл мемлекетке Алматы қаласында жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалаларды азайту жөніндегі орталық жанындағы бақылаушы мәртебесі ұсынылған.

Кездесуге қатысушылар есірткі бизнесіне, заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық, азаматтық қорғаныс саласында өзара іс-қимыл жасасудың, ақпарат алмасу және басқа да өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету аспектілерінің негізгі мәселелерін талқылады.