Қазақстан автонарығында электрлі көліктердің үлесі қандай

Фото: uza.uz

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бұл сұраққа Kazinform тілшісімен тілдескен Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева жауап берді.

Оның айтуынша, автокөлік нарығында электромобильдердің үлесі әлі де көп емес. Дегенмен, тоқпен жүретін көлік түріне қызығушылық жылдан жылға артып келеді.

— 2019 жылы Қазақстанда электромобильдердің импорты жылына мың көліктен асқан жоқ. Бүгінгі күні еліміздің автокөлік паркінде олардың үлесі — 1 пайыздан аз, 16 мың көлік. Бірақ қазір тұрғындар экологияға мән беріп, ауаны ластамайтын көлікті ала бастады. Оның ішінде электрлі көліктер, гибрид, яғни аралас көліктер және Еуро-5 стандартына сәйкес келетін темір тұлпар бар, — деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан автокөлік одағының президенті электрлі көліктерге арналған инфрақұрылымның қазір қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

— Электрлі көліктер үшін инфрақұрылым жақсы дамып келе жатыр. Қазір көпшілік жанармай бекеттерінде, ойын-сауық орталықтарында көлікті қуаттап алуға болады. Тіпті қайда қуаттағыш станция орналасқанын көрсететін карталар да бар. Сондықтан электрлі көліктерге қызығушылық — елімізді қосқанда барлық әлемде бар тренд. Дегенмен, Қазақстан аумағы үлкен болғандықтан, бізде электрлі көліктерге қарағанда гибрид машиналарға сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз, — деді Анар Мақашева.

Бұған дейін Алматыда электромобиль қуаттайтын 311 станция орнатылатынын жазғанбыз. 

Зарядтау станциялары қала тұрғындары шоғырланған орындарда: базар, саябақ, дәмхана және басқа да қоғамдық кеңістіктер аумағында орнатылады. Барлық станция осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жоба Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту қажеттілігіне байланысты, сондай-ақ мегаполистегі электр көліктерінің өсіп келе жатқан санын ескере отырып іске асырылып жатыр.

Еске салайық, Қазақстан автокөлік одағының президенті мінілген көліктер нарығы туралы да пікір білдірді.