Қазақстан Баку-Супса құбырын мұнай транзиті үшін балама бағдардың бірі ретінде қарастырады — Ақкенженов

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Баку-Супса құбырын мұнай транзиті үшін балама бағдардың бірі ретінде қарастырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Коллаж: Kazinform / Freepik / Report.az

Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты әзірге Әзербайжан тарапымен тікелей келіссөз жүргізілмеген.

— Ол үшін ең алдымен өзімізде, Қазақстанда айқындап алуымыз қажет. Каспий құбыр консорциумына шабуыл салдарынан 3,5 млн тонна мұнайды шығара алмадық. Дегемен, бұл көлемде Ақтау порты арқылы «Баку-Супса» құбыры арқылы жөнелте алар едік, — деді Ерлан Ақкенженов.

Баку-Супса мұнай құбырының өткізу қабілеті жылына шамамен 5 млн тонна. Министрдің пайымынша, Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалында іркілі болған жағдайда бұл бағдарды пайдалану Қазақстанға қаржыдан қағылмауға септігін тигізеді.

— Баку-Супса құбыры Қазақстан үшін мұнай тасымалының балама бағдардың бірі ретінде өмірлік қажеттілік екенін түсінемін. Бұл құбыр мен бағдарға қарсылық танытатындар аталған шабуыл салдарынан Қазақстан неден қағылып отырғанын жете түсінбейді, — деді ол.

Министрдің атап өтуінше, өндіру уақытша тоқтатылған немесе экспорттың шектелуіне байланысты өндіру көлемі қысқартылған кен орындарынан алынатын мұнайдың бір бөлігі балама бағдар арқылы жөнелтілер еді.

Айта кетейік, Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылдардың салдарынан елімізде мұнай өндіру көлемі 98 млн тоннадан 96 млн тоннаға дейін қысқартылды.