Қазақстан барысы Марат Байқамұров: Бұл жеңісімді әкеме арнаймын

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан барысы – 2025» турнирінің жеңімпазы Марат Байқамұров бұл жеңісін әкесіне арнайтынын айтты.

– Негізгі мақсат – тайтұяқ алу болды. «Қазақстан барысы» жобасы басталғанына биыл 14 жыл болды. Осы уақытқа дейін Шымкент қаласы алтын тайтұяқ жүлдесін иеленбеген еді. Бұл жүлденің біз үшін орны ерекше, себебі бұл жүлдені алу оңай болған жоқ, – деді Марат Байқамұров «Jibek Joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Фото: видеодан алынған скрин

Айта кетейік, алтын белбеу мен тайтұяқ жүлдесі жыл сайын турнир чемпионына табысталады. Ол тек үш рет «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алған спортшы ғана оны өзінде қалдыра алады.

Балуан өз сөзінде жеңісін әкесіне арнағанын атап өтті.

– «Әскер барысынан» кейін «Қазақстан барысындағы» жеңісімді әкеме арнадым. Ол кісі өзі де спортқа жақын адам. Ешқашан мені белгілі бір бағытқа үгіттеген емес, бірақ спортпен айналысуымды әрқашан қолдап келді, – дейді спортшы.

Бұған дейін Президенттің «Қазақстан барысы – 2025» турнирінің жеңімпазын құттықтағанын жазған едік.