Қазақстан Белфасттағы Бүкіләлемдік полицейлер мен өрт сөндірушілер ойындарында алғашқы алтын медальға қол жеткізді

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Солтүстік Ирландияда өтіп жатқан 15-ші Бүкіләлемдік полицейлер мен өрт сөндірушілер ойындарында Қазақстан құрамасы қоржынына алғашқы алтын медаль салды.

Дзюдошылар арасындағы жарыс Шығыс Қазақстан облысынан келген Асхат Елубаев үшін сәтті болды.

Команданың баспасөз қызметінен Ринат Тасболатов хабарлағандай, ШҚО ІІД «Арлан» арнайы бөлімінің 25 жастағы инспекторы 90 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен. Жарыстың ақтық сынында Асхат румыниялықпен кездесті. Белдесудің соңғы секундтарында қазақстандық атлетші қарсыласын жерге алып ұрып, қайта тұрғызбады.

Еске сала кетсек, 100 келіден артық салмақ дәрежесінде астаналық Талғат Қожабаев күміс жүлдеге ие болған еді, ал Оңтүстік Қазақстаннан келген Асқар Жандаров қола жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, дзюдошылар арасындағы сайыста Қазақстан құрамасы үш медальға ие болды.

Бүгін бенчпресс, пушпуддифтинг пен армрестлинг сындарында Қазақстан құрамасының көшбасшысы астаналық Серік Нұрғалиев бақ сынайды.