Қазақстан бойынша Алакөлде ғана кездесетін реликті шағалаға GPS қондырғысы орнатылды

Фото: Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Биыл маусым айында алғаш рет Қызыл кітапқа енген реликті шағалаға GPS қондырғысы орнатылған еді. Зерттеушілер қазіргі уақытта Алакөлден ұшқан шағалалар тобының басқа мемлекетте жүргенін хабарлады.

«Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының» ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы «Зоология институты» қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылған далалық экспедиция барысында өгізшағала мен үш реликті шағалаға GPS қондырғысы орнатылған. Мамандар сол арқылы құстардың ұшу жолдарын анықтап, бақылап отыр.

Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы

Қазіргі таңда орнатылған GPS трекерлер арқылы бақылау жұмыстары «Зоология институты» қызметкерлері, атап айтқанда, б.ғ.к. Гаврилов А.Э. тарапынан жүргізіліп отыр. Орнатылған GPS трекердің деректері бойынша, Орта Аралтөбе аралында ұя салған реликті шағала Алакөл көлінің Ақши, Көктұма ауылдары маңында және Алакөл көлінің шығыс жағалауы бойында қоректенгені анықталған. Ал қыстауға Қытай Халық Республикасының солтүстік-батысында орналасқан Үліңгір атты көліне ұшып кеткені белгілі болды, – деді «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының» ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Айжан Төлебаева.

Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы

Бірлескен далалық экспедиция барысында бұдан бөлек бұйра және қызғылт бірқазан, қарабас өгізшағала, ақбас тырна, үлкен суқұзғын, дала қыраны, тілеміш сияқты құстардан биоанализ сынамалары алынып, сақиналар тағылған.

Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы

Айта кетейік, бұл зерттеулер 2024 жылдың 2-ші тоқсанында ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісілген. Сондай-ақ, зерттеу жұмыстары ҚР ҒЖБМ Білім комитеті «әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті» ҰАҚ-ның биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасы мен ҚР БҒМ Білім комитеті «Зоология институты» РМК арасындағы ғылыми ынтымақтастық туралы жасалған шарттар аясында жүргізілген.

Еске салайық осыған дейін Алтынемел ұлттық паркіне әкелінген 30 құланның саны 3600-ге жеткенін жазғанбыз.

Фото: Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы